Алматыда вакцинация паспортын сатты деп күдіктелген қызметкерлер жұмысынан кетті
Алматыда тағы бір емхана вакциналау төлқұжатын саудаға салды деген күдікке ілінді. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, қалалық емхана қызметкерлері құжатты 15 мың теңгеден сатып келген.
Әлеуметтік желіде Алматыдағы №4 емханада вакциналау төлқұжаты саудаланып жатыр деген ақпарат тарады. Бұл қағаздарда сол қызметкерлер өз әрекетіне түсінік берген. Яғни дәрігерлер келушілерге екпе салмаса да, төлқұжат жасап бергенін мойындайды.
Бірі жалған құжатты 15 адамға дайындап беріп, әрқасысынан 15 мың теңгеден алдым деп отыр.
Бұл ақпаратқа қатысты қоғамдық денсаулық басқармасы пікір білдіріп, тұрғындардан шағым түсіргенін жасырмады.
"Бұр әрекетке барған медициналық қызметкерлер өз еркімен жұмыстан шықты. Қазір іс бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Тергеу қорытындысына сәйкес, күдіктілер тиісті жазаға тартылады", - дейді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Мақпал Сералинова.
Ал медицина ғылымдарының докторы Ботагөз Кәукенова заңсыз паспорт жасап беруді ұсынатын дәрігерлер туралы шағымданатындар көп екенін жеткізді.
"Сондай тұрғындардың бірі Asia park сауда-ойын сауық кешеніне вакцина алуға барған. Мамандар оны базаға екпе алған деп енгізуді, ал іс жүзінде вакцинаны салдырмауды ұсынған. Қарағанды мен Шымкенттен де осындай шағым келіп түсті. Мұндай мәселенің туындауына кей мекемелердің қызметкерлерін екпе алуға міндеттеуі себеп деп ойлаймын", - деді ол.
Сонымен қатар, бұған дейін Алматыдағы №21 емханада да осындай шу шыққан болатын.
Аталған дерекке қатысты полицейлер әлі тергеу жүргізіп жатыр.
"Сезікті ретінде екі азамат, екі медициналық мекеменің қызметкері танылды. Қазір олардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Содан соң заңнама аясында шешім қабылданады", - деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.