Ашулы ене келінінің шашын қырып тастаған

241
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында енесі келінінің шашын қырып тастаған, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



Аудандық мәслихат хатшысы Роза Мусенованың айтуынша, ауданда отбасын сақтау, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу мақсатындағы жұмыстарды ол өз бақылауына алған. Қазір күнделікті полицияға түскен арыз-шағымдар тексеріліп, әрбір отбасымен жұмыс жүргізіліп отыр.

Бізде енесі келінінің шашын қырып тастаған жағдай да болды. Келін соның бәрін ішінде ұстаған. Енесі біздің көзімізше келінінің аяғына жығылып, кешірім сұрады. Біз жас отбасын бөлек шығарып көрдік. Бірақ олар бөлек көп тұрған жоқ. Баласы ауырған соң енесінің қолына қайта барды. Отбасын үнемі бақылауда ұстаймыз, - дейді Роза Мусенова.

Ауданда биылғы қыркүйек айынан бастап отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Ол 7 жатын орнымен жабдықталған. Әлеуметтік орталық психологиялық қолдаудан бөлек, медициналық, заңгерлік көмек көрсетеді. Осы уақыт ішінде пана іздеп келген келіншектер болмаған. Бірақ 7 отбасына түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Аудандағы әйелдер ісімен айналысып отырған мамандар көмекке жүгінетіндер арасында ер адамдардың да болатынын жасырмайды. Үй шаруасына қарамай, қырсығып отыратын келіншектердің үстінен ерлері шағым түсірген. Аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Ақзира Мейірбекованың айтуынша, 10 жастағы баланың шағым түсірген кезі де болған.

Бала әлеуметтік желіге «анамды әкем ренжітеді» деп шағым жазған. Полиция жарияланым бойынша анықтады. 5-6 сыныпта оқитын бала екен. Әкесі ішімдікке салынған. Біз барған кезде де бас көтерместен жатты. Қазір ол отбасы дұрысталды. Үлкен баласын жұмысқа орналастырдық. Үнемі бақылауда ұстаймыз, - дейді Ақзира Мейірбекова.