Ұстаздықты патриоттық тәрбиемен ұштастырған азамат
Абыройлы да жауапты қызметті 35 жылдан бері Ә.Жәмішов атындағы №129 мектеп-лицейдің мұғалімі Асан Пірназаров мінсіз атқарып келеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетін сіңіру, Отанын, жерін, елін қорғай алатын, ұлттық намысы мен жігері мықты ұл-қыз тәрбиелеу Алғашқы әскери және технологиялық пәннің оқытушы-ұйымдастырушысына жүктелген міндет.
Мектеп қабырғасындағы жоғарғы сынып оқушыларына әскери қызметтің маңыздылығын түсіндіру, әскер қатарына сауатты, жан-жақты дайын азамат тәрбиелеу арнаулы пән оқытушысының міндеті. Педагог-сарапшы санатындағы оқытушының айтуынша, бұл жауапты қызметті ұстаз ретінде терең сезінеді. Сондықтан әрдайым ізденіс үстінде жүру, жаңашылдыққа бет бұру – педагогтің бағыт-бағдары.
Асан Пірназаров – ауыл балаларын алғашқы әскери қызметке даярлаумен қатар қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген азамат. Оны қызметі мен қоғамды байланыстыратын осыдан 2 жыл бұрын республикада құрылған «Германиядағы Кеңес әскери тобы, Варшава келісімшарт әскери тобы» қоғамдық бірлестігі. Қоғамдық бірлестіктің облыстағы филиалы құрылғандықтан, аудандық «ГКӘТ, ВКШӘТ» ардагерлері қоғамдық бірлестігі филиалының директоры ретінде Асан Оспанұлы тағайындалған. Бұл бірлестіктің құрамына кезінде Германия, Польша, Венгрия, Чехословакия, Моңғолия мемлекеттерінде әскери борышын өтеген азаматтар мүшелікке кірген. Ауданда 40-қа жуық мүшесі бар қоғамдық бірлестіктің алдына қойған мақсат-міндеті де ауқымды. Негізгісі – жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, әскери қызмет етуге дайындау, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне деген құрметті арттыру. Сонымен қатар әскерге деген көзқарасты қалыптастыру, жастардың қорғанысқа тұрақты дайындығын нығайту.
Асан Оспанұлы – Шіркейлі ауылының тумасы. 1981-1983 жылдар аралығында Германиядағы Кеңес әскері тобында әскери борышын өтеген. Ауылда күрішші-механизатор болып еңбек жолын бастаған азамат Қарағанды қаласындағы денешынықтыру техникумын бітірген соң туған ауылына оралып, мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ берді. Мамандығы бойынша жоғары білім алу мақсатында Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде денешынықтыру және спорт менеджері мамандығы бойынша оқыды. 1989 жылдан бері алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі ретінде бүгінге дейін үздіксіз еңбек етіп келеді. Ұзақ жылғы абыройлы қызметінің арқасында шәкірттерінің бірнешеуі әскери оқу орындарын бітірді. Әділ Қозбағаров Ресейдің Пермь қаласында Әуе қорғаныс күштері әскери оқу орнын бітіріп, сынақшы-ұшқыш мамандығын алған. Ол қазір Қорғаныс министрлігінде подполковник шенінде жауапты қызмет атқарады. Үш оқушысы Дархан Ақылбеков, Нұрымжан Әсіров, Талғат Байсейітов Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусында оқыды. Ұстаз абыройын асырған шәкірттері ұстаздың ғана емес, ауылдың мақтаныштары.
Әскери жетекші өзі еңбек ететін мектеп-лицейде 10-11 сынып оқушыларына алғашқы әскери және технологиялық пәнді меңгертуде алдына жан салмайды. Арнайы оқу-құралдарымен қамтамасыз етілген пән кабинетінде аптасына төрт сағат әскерге, яғни атыс, тактика, дене дайындығына баулиды. Бүгінде шәкірттері облыстық байқауларда топ жарып, атыс қаруын жинау, бөлшектеу секілді жарыста үздік деп танылған.
Әскери патриоттық тәрбие берудің үлгісін көрсетіп жүрген қоғамдық бірлестік мүшелері ел басына күн туған шақта көмек қолын созуға асыққан. Су тасқынынан зардап шеккен отандастарға бірауыздан қаржылай көмек көрсеткен. Мұндай қайырымдылық іс-шараларға ардагерлердің атсылысуы көпке үлгі болары сөзсіз.
Бүгінде ардақты азамат саналы өмірін ұстаздыққа арнап, енді аз уақытта ардагерлікке абыроймен қадам басады. Ұлағатты ұстаз Асан Оспанұлы жұбайы Фаридамен 40 жыл отасып, 4 перзент өсірді. Ұлы Ержан әке жолын қуып, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдігіне оқыды. Қыздары Динара, Назира, Асылзат та педагог 13 немеренің қазынасына айналған ерлі-зайыптылар ауылдың ардақтысы, үлгілі отбасы қатарында.
Мектепте ғана емес, ауылдағы қоғамдық істерге де белсене араласады. Оқушылары арасында шығармашылық байқаулар, спорттық жарыстар мен ұлттық мәдениет күндері ұйымдастырылып ұстаз шәкірттерінің рухани дамуына зор ықпал етуде. Пірназаровтың 35 жылдық еңбек жолы — білім беру саласындағы шынайы адалдық пен жанкешті еңбектің үлгісі. Ол әр шәкірттің жүрегінде өз орнын тапқан, қоғамға пайдалы ұрпақ тәрбиелеуде өз үлесін қосып жүрген ұстаз. Оның еңбегі мен адалдығы әрдайым жоғары бағаланып, педагогикалық қауымдастықта үлгі ретінде алынып келеді.
Ұстаздың ізгі ниеті мен қажырлы еңбегі, шәкірттерінің болашағына жасаған зор әсері Пірназаровты ауданның мақтанышына айналдырды. Ол педагогикалық еңбек жолында әлі де көптеген жас буынға білім нәрін сеппек.