Қызылордада азық-түлік сақтайтын жаңа қойма іске қосылды
Қызылордада азық-түлік сақтайтын заманауи «Арай фуд» қоймасы іске қосылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аймақ үшін маңызды жобаны Аграрлық несие корпорациясы «Агробизнес» бағдарламасы арқылы қаржыландырған. Алып кешенде 4 мың тонна көкөніс, бау-бақша өнімдерін қыс бойы сақтауға мүмкіндік бар.
Жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын кешенде 5 қойма бар. Картоп, сәбіз, жуа, қырыққабат секілді тез бұзылатын өнімдер белгіленген температуралық талаптарға сай әрқайсысы бөлек сақталады. Және соңғы үлгідегі Түркияның автоматтандырылған озық технологиясымен жабдықталған.
Мысалы, картопқа ағаш жәшіктерді пайдаланамыз. Жуаға осындай пластмас жәшіктерді пайдаланамыз. Қазіргі таңда өзінің нормативі бар. Компьютерменен жуаны кіргізсек жуа дейміз де ауа температурасын қойып, 6-7 айға дейін осы жерде сақтауға болады. Ешқандай бұзылмайды.
Жоба құны 1,2 миллиард теңге. Соның 700 миллионнан астамы Аграрлық несие корпорациясы арқылы жеңілдетілген несиемен қаржыландырылды. Бұл қойманың маңызы аймақта азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етіп, нарық бағасына оң әсерін тигізеді. Жалпы мемлекеттік қаржы ұйымы арқылы өңірде бірқатар ауыл шаруашылығы жобалары жүзеге асты.
Қызылорда облысы бойынша аграрлық несие корпорациясы ет бағытындағы құс фабрикасына, сүт өңдеу зауытына, суармалы жер учаскелеріне, күрішті қайта өңдеу зауытына арналған төрт инвестициялық жобаны қаржыландырып қазіргі таңда іске қосты.
Аграрлық несие корпорациясының қаржыландыруымен 2008 жылдан бері елімізде 32 азық-түлік сақтайтын қойма салынған. Биыл осындай қойманың үшеуі пайдалануға беріліп отыр. Айта кету керек, бүгінгі таңда «Агробизнес» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау жүріп жатыр.