Жамбыл облысында бесінші сынып оқушысы өзінен кішкентай балаларды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген

378

Жамбыл облысында бір мектептің екі баласын жоғары сынып оқушысы жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген. Жәбірленуші ата-аналар ерсі жағдайды айтпасқа болмады дейді. Өйткені жергілікті билік шара қолданудың орнына көз жұма қарауға көндіріп әлек. Енді ата-аналар зәбір көрді деген балаларын мектепке жіберуге үзілді-кесілді қарсы болып отыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Қорлық көрді деген жеткіншектің бірі бірінші, екіншісі үшінші сыныптың оқиды екен. Оқушылардың бірінің әкесі баланың бойындағы өзгерісті соңғы кезде үлкен дәретін жіберіп қоятын жағдайға жеткен кезде байқағанын айтады.  

“Үлкен дәрет жіберетін жағынан өзім зақым келді деп ойлап тұрмын. Өйткені балам өзгеріп кеткен. Қазір барлық сөзін айтқаннан кейін уже ұялмайды. Бойына жіберсе, мен жібердім деп айтатын болды”, – дейді жәбірленушінің әкесі. 

Әуел баста секеміне сенбеген әкесі сөз суыртпақтап көрген. Сөзінше, кейін баласы болған жайды, оқиға орнын тәппіштеп айтып берген. Ауыл ішіндегі ескі қора мен ірге тастың ішінде бұл жағдай былтырдан бері тұрақты жалғасып келген дейді. Ұлының сөзінен жәбір көрген жалғыз өзінің баласы емес екенін ұққанын айтады. Оқушы өзінен екі жас үлкен тағы бір ауылдасын айтып қалыпты. Азаматтың айтуынша, үшінші сыныпта оқитын ол оқушы да бұл жағдайды сол қалпында растапты. 

“Бізде кафе бар ғой бұзылған. Сол жаққа апарып тиіседі екен. Жыныс мүшесін көрсетеді екен. Біз негізінде ешкімге жала жауып отырған жоқпыз. Не мектепке, не ата-анасына, не балаға. Тек білейік ақ-қарасын. Баланың құқығын қорғасын”, – деді жәбірленушінің анасы. 


Ашулы ата-аналар жергілікті билік болған жайтты басқа арнаға бұрып әлек екенін айтады. Ың-шыңсыз, у-шусыз шешіміне де көнген. Тек зәбір көрсеткен оқушымен бір мектепте оқуға түбегейлі қарсылықтарын білдіріпті.  Бірақ бұл талабын елемей, жайсыз жайды жаба салуға жанталасып жатыр дейді. 


“Талабым: ауылда бала көз алдымда жүрмесе екен деймін. Ол көшіп кету мәселесі. Өйткені балалар бір-бірін көрмесе екен деймін”,- деп қосты жәбірленушінің әкесі.

“Медициналық сараптамалар сол кезде жасалынды. Қазіргі таңда зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңына дейін әлі зерделенеді. Қазіргі таңда нақты дәлел, ақпарат жоқ”, – деп мәлімдеді "Ақшолақ" орта мектебінің директоры Нұралы Сейдахмет. 

Қазір осы іске қатысты ішкі істер бөліміне шағым түскен. Бірақ сараптама расталмай іс қозғауға әлі ерте дейді. 

“Байзақ ауданының полиция бөлімімен тексеру жұмыстары басталды. Кәмелетке толмаған 6 және 8 жастағы балалар аудандық орталық ауруханаға жеткізіліп, оларды тексеру барысында жарақат белгілері анықталмаған. Алайда олардың ата-аналарынан арыз алынып, тіркелді. Қазіргі уақытта 10 жасар 5-сынып оқушысына қатысты тексеру амалдары жүргізілуде, қосымша аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар комиссиясында қаралатын болады”, – деді Жамбыл облысы полиция департаментінің өкілі Құндыз Бөгенбаева. 

Ерінбегеннің бәрі есік қағып ауыз ашпауға көндіруде деген екі жеткіншектің ата-анасы істің ақ-қарасы ашылатынына күдігі бар. Сондықтан сараптаманы Алматыға барып анықтауға құлықты.