Қала әкімдігінің баспасөз орталығында отбасын қолдау конференциясы өтті.
Бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында отбасын қолдау орталығының директоры Гүлнар Сексенбаева, қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторлары Еркебала Артықбаева және Айгерім Ерболатқызының қатысуымын баспасөз конференциясы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Өздеріңізге белгілі, елімізде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы басталған болатын. Науқан жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Осы бағытта қала әкімдігі жанынан ақпараттық-насихаттық топ қалаға қарасты кент және ауылдық округтерінде болып, тұрғындар арасында профилактикалық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Сандық мәліметтерге жүгінетін болсақ, жыл басынан бері Қызылорда қалалық полиция басқармасына «102» арнасы арқылы «Отбасы жанжалы болуда» деген 2500-ге жуық хабарлама келіп түскен. Хабарламалар бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылданды.
Айта кету керек, бұған дейін ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген дерегі бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73-2-бабы, 73-1-бабы бойынша әкімшілік хаттама рәсімделсе, жаңа өзгерісте 2024 жылдың маусым айының 16-нан бастап ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру криминализацияланды.
Жоғарыда көрсетілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты әйелдерге қарсы жасалған 71 қылмыс дерегі орын алып, көрсеткіштің көлемі артқан.
Мұндай конференциялар әдетте қоғамда отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды арттыру, ата-аналарға және балаларға арналған қолдау бағдарламаларын таныстыру, сондай-ақ отбасы мәселелерімен айналысатын мемлекеттік және жеке ұйымдардың қызметін талқылау мақсатында өткізіледі.