“Жұртты шошытқан гүрсіл”: Студенттер сарайының бір бөлігі опырылып түсті

1 500

Фото: ThreadsАлматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайының бір бөлігі опырылып түсті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Оқиға 23 қыркүйек күні сағат 23:00-ден кейін болған. Бұл уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Куәгерлер оқиғадан жарты сағат өтсе де, полиция мен өрт сөндірушілердің келмегенін жазды.

Олар желіде ғимарат қираған сәтте түсірілген видеолар жариялады. Кадрдан нысан айналасын қалың шаң басқанын көруге болады.

Университет тарапы не дейді? 

Оқиғаға қатысты университет басшылығы түсініктеме берді.

Олардың мәліметінше, Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталған. Нысанның құрылысы ұзаққа созылған. Құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі шаруашылық тәсілмен жүргізілген.

“Ғимарат пайдалануға берілген соң шамамен 30 жыл бойы күрделі жөндеуден немесе реконструкциядан өтпеген. Салдарынан оның құрылыс конструкциялары мен инженерлік жүйелері табиғи түрде тозған. Университет тарапы нысанның техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстады. Бұған дейін де ғимараттың кейбір конструкциялық элементтерінің нашарлағанын байқап, тіркедік. Ғиимараттың негізгі көтергіш және қоршау конструкцияларының жағдайын толық тексеру қажет болды. Сол себепті 2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жағдайына сараптама жүргізді. Тексеру нәтижесінде ғимараттың көтергіш конструкцияларынан бірқатар елеулі ақау анықталды”, - делінген жауапта. 

Университет тексеру барысында анықталған ақауларды да атады. 

“Ғимараттағы темірбетон ригельдерінің бір бөлігі жоқ, кей жерлерде конструкциялар ашық қалған. Жертөледе темірбетон қабырғалары жоқ. Оған қоса кей бағандардың түйісетін жерлерін жерлерін тат басып, ішінара бұзылған. Құрастырмалы темірбетон бағандардың кейбірі түйіскен жерлерінде қисайған. Екінші қабаттағы кей учаскелерде бірінші қабаттан жалғасуы тиіс темірбетон бағандары да жоқ. Ал ригельдер мен бағандардың түйісу тораптарында ақаулар болған. Соның салдарынан кейбір ригельдер тіреу элементтеріне дұрыс бекітілмей, бір-бірімен жалғанған”, – делінген жауапта. 

Университет мәліметінше, ғимараттың оңтүстік және солтүстік бөліктеріндегі бірінші қабатта темірбетон ригельдерінің майысқаны анықталған.

“Жертөледегі кейкеңістіктердің темірбетон қабырғалары жоқ және топырақпен толтырылған. Ғмараттың қасбетіндегі жылу оқшаулағыш қабат та толық бұзылған. Соның салдарынан жарықтар пайда болып, ғимараттың жылуды сақтау қасиеті төмендеген. Сонымен қатар шатырдың металл конструкцияларынан, оның ішінде ғимараттың қасбет бөлігінің астын тат басып, жекелеген деформациялар анықталған”, – делінген хабарламада. 

Университет мәліметінше, аталған ақаулардың басым бөлігін ғимараттың сыртқы әрлеу қабатын бұзбай, жай көзбен анықтау мүмкін болмаған.

“Сараптама нәтижелері Студенттер сарайының бастапқыда-ақ құрылыс нормалары мен талаптарын бұзып пайдалануға берілгенін көрсетеді. Қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес, ғимараттарға жөндеу жұмыстары әр 3–5 жыл сайын, ал күрделі жөндеу кемінде 20–25 жылда бір рет жүргізілуі керек”, – делінген жауапта. 

Осы тұста университет тарапы 2024 жылдың қаңтарында Алматы мен оған іргелес өңірлерде бірнеше жер сілкінісі болғанын ескеру керегін айтты.  

“Мұндай сейсмикалық белсенділік ұзақ уақыт пайдаланылған және конструкцияларында ақау бар ғимараттарға қосымша әсер етуі мүмкін. Сондықтан Студенттер сарайын кешенді түрде жаңарту, оның жер сілкінісіне төзімін арттыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі туындады”, – делінген жауапта. 

Университет тарапы студенттер сарайының тарихи-мәдени маңызын да ескергенін айтты.

“Нысан мәдени және бұқаралық іс-шаралар өткізілетін маңызды қоғамдық орын. Сол себепті университет оны бұзбай, сақтап қалу және қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Ал жаңарту кезіндегі басты міндет – ғимараттың конструкциялық беріктігін қамтамасыз ету және студенттер, қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігін сақтау”, – делінген жауапта. 

Университет нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет шаралар қабылданатынын айтты. Ал жүргізілген зерттеулердің нәтижесі мен алдағы шешімдер туралы тағы хабарлайтынын жеткізді. 

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.