Балабақшада аутизмі бар балаға күш көрсеткен
Тараздағы оңалту балабақшасында тәрбиешілер аутизмі бар балаға зорлық көрсеткен, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға туралы баланың әпкесі айтып берді. Оның айтуынша, тәрбиешілер сөйлемейтін бауырының қолы мен аяғын байлап, ұйқыға жатқызған. Бұған дейін де тәрбиешілер балаға қол көтерген дейді ол. Кейін туыстары баланың басынан жарақат алып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгенін айтты.
Алайда балабақша әкімшілігі мекемеде өз-өзіне зиян келтіруге бейім балалар тәрбиеленіп жатқанын алға тартып, ешқандай ұрып-соғу болмағын айтып, ақталды.
Оқиғаға құқық қорғау органдары да араласып, Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі ("Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді қатыгездікпен ұштасып орындамау") бойынша іс қозғады.
“Қазір оқиғаның мән-жайлары анықталып жатыр. Тергеу амалдары жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша іске қатысы бар барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі”, – деп мәлімдеді Жамбыл облыстық полиция департаменті.
Басқарма тергеу барысының облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында екенін атап өтті.
Қаз
Рус






