Мектепте ішімдік ішіп, темекі шеккен есепші ұсталды

1 390

Фото: pixabay.comПетропавлдағы мектептердің бірінің есепшісі түнгі уақытта білім ордасында ішімдік ішіп, темекі шеккен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Онымен қоса, полицейлерге бағынбай, оларды балағаттаған.

Оқиға 18 желтоқсан сағат 23:00-де Петропавлдағы М.Айтқожин атындағы №1 орта мектепте болған. Білім ордасының 43 жастағы есепшісі мектеп ішінде темекі шеккен. Оны бейнебақылау камералары арқылы полиция департаменті жедел басқару орталығының инспекторы көріп, осы аумақта кезекшілік етіп жүрген патрульге хабарлаған. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары әйелдің мас күйде болғанын анықтады. Онымен қоса, мектеп есепшісі полицейлердің заңды талабын орындамай, оларды балағаттаған.

"Әйелге қатысты әкімшілік заңнаманың үш бабы – темекі шегуге қатысты тыйым салу талаптарын бұзу, білім мекемесінде мас күйде болу және билік өкілінің заңды талабына бағынбау бойынша материалдар жиналды", – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Енді келіншек 200 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Бұдан бөлек, қазіргі күні ҚР ҚК 378-бабы, яғни билік өкілін қорлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Ол бойынша мектеп есепшісі 80 айлық есептік көрсеткіш айыппұл (295 360 теңге) салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 20 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынуы мүмкін.