"1500-ден астам бала анасыз қалды": Қазақстанда сотталған әйелдерге амнистия жариялау ұсынылды

1 881

https://www.istockphoto.com/Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден депутаттық сауал жолдап, елде сотталған әйелдерге амнистия жариялауды ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қарақат Әбден өз сөзінде Қазақстан қылмысқа қатысты саясатты гуманизациялау бағытын ұстанады деп мәлімдеді. 

“Сондықтан Ауыл партиясының  фракциясы  сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынады. Мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Көп жағдайда отбасыдағы бала тәрбиесі әйелдердің мойнында. Ана алақанның аясы- ақ шынардың саясы деген сөз бар.
Бүгінгі таңда 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы — аналар, оның ішінде 250-і көп балалы аналар. 1500-ден астам бала анасыз қалып, аналарымен қауышуды күтуде 100-ге жуық  сәби балалар үйіне жіберілген. Бұлар жай ғана цифрлар емес — бұл ойран болған отбасылар, бұзылған тағдырлар, ең сорақысы  ана жылыуынан айырылған сәбилер”, – деді ол.


Депутаттық сауалда әйелдерге амнистия жариялаудың бірнеше критерилері де ұсынылды. Олар: 

  • зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер; 
  • жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер; 
  • көп балалы әйелдер; 
  • алғаш сотталған әйелдер; 
  • жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.

“Ал ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс жасап, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайды.

Депутат сауалы негізінде Ішкі істер министрлігін осы мәселе бойынша ресми позициясын ұсынуды сұрады.