Ер адам туған егіз балаларына зорлық көрсетті деп айыпталды

1 358

Фото: pixabay.comАтырау облысының тұрғыны күйеуінің туған егіз ұлы мен қызына жыныстық сипаттағы жәбір көрсетті деп айыптады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Анасы бір жылдан астам уақыт әділдікке қол жеткізуге тырысып келеді. Іс екі рет тоқтатылып, қазір тергеу қайта жалғасып жатыр. 

Мәліметтерге сенсек, балалар 2,5 жасқа толғанда, олардың анасы жұмысқа шығады. Ал күйеуі балалармен үйде қалады. Көп ұзамай анасы балалардың тұйық әрі жылауық болып кеткенін байқап, күмәндана бастайды. Кейінірек олардың біреуінен көгерген ізді көріп, көмек сұрауға шешім қабылдайды.

Психолог Маржан Елекұлова балалардың психикасына зақым алғанын растап, олардың денесінен жарақат белгілерін анықтады.

"Балалардың психикалық қысым көргені, зорлық-зомбылыққа ұшырағаны айқын белгілер арқылы байқалды. Олардың суреттерінен де осы жағдайдың әсерін көруге болады", – деді психолог.

Балалардың анасы істің әдейі созылып жатқанын айтады. Себебі құқық қорғау органдарында күйеуінің туыстары жұмыс істейді деп күдіктенеді. Анасының айтуынша, тергеу сараптамаға байланысты тоқтатылған. Полиция оған медициналық тексеруден өту үшін өз бетінше маман табу қажет екенін айтқан. Ол дәрігерге жүгінгенімен, кейін оның тиісті лицензиясы жоқ екені анықталған. 

Алайда заңгер Нұржан Рахметовтің пікірінше, полиция процессуалдық тергеу аясында қажетті медициналық тексеруді ұйымдастыруға міндетті.

"Қалай болғанда да, Қылмыстық-процестік кодекстің 271-бабы "Сараптаманы мiндеттi түрде тағайындау" денсаулыққа зиян келтіру деңгейін анықтау үшін міндетті түрде сараптама тағайындауды талап етеді. Бұл жағдайда жәбірленуші тараптың өздігінен маман іздеуі міндетті емес", – деді заңгер.

Полиция өкілдері комиссиялық сараптама тағайындалғанын мәлімдеді. Оның нәтижесіне байланысты процессуалдық шешім қабылданады.

Айта кетейік, енді бұл балалар дәрігерлік тексеруден бесінші рет өтуі керек. Қазір анасы балаларының психологиялық және физикалық жағдайына алаңдаулы. Сонымен қатар күйеуінің жауапқа тартылмайтынына қорқады.