Ақылы жолдарында кімдер тегін жүре алады?
Енді ақылы жлдағы жеңілдік санатындағы көлік құралдары тізіміне мемлекеттік және нақты бір аудандарда тіркелген азаматтық көлік құралдары кіреді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
22 ақпанда ҚР Көлік министрінің «Қостанай — Ресей Федерациясы шекарасы (Троицк бағыты) автомобиль жолының республикалық маңызы бар учаскесін ақылы негізде пайдалану туралы» бұйрығы күшіне енді.
Сонымен бірге, ҚР «Автомобиль жолдары туралы» заңының 5-2-бабының 1-тармағына сәйкес, мына санаттағы көліктер ақылы жолдармен тегін жүру құқығына ие:
1. Қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі арнайы автокөліктер:
* жедел медициналық жәрдем көліктері;
* апаттық-құтқару қызметтерінің автомобильдері;
* құқық қорғау органдарының көлігі;
* көлік бақылау органдарының автокөліктері;
* арнайы мемлекеттік органдардың көлігі;
* ҚР Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың көлігі.
2. Жолдарды күтіп ұстау мен жолаушылар тасымалына тартылған көлік құралдары:
* халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы жолдарды күтіп-ұстаумен және техникалық қызмет көрсетумен тікелей айналысатын ұлттық оператор көлігі;
* ҚР заңнамасына сәйкес, белгілі бір ақылы учаскені күтіп-ұстаумен айналысатын концессионер көлігі;
* жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган көлігі;
* қала маңындағы тұрақты жолаушылар мен жүк тасымалдайтын, сондай-ақ ақылы жолға жақын орналасқан елді мекендерді аудандық және облыстық орталықтармен, астанамен немесе республикалық маңызы бар қалалармен байланыстыратын автобустар;
* ақылы жолға іргелес аудандар аумағында тіркелген, бір ауданның ішінде пайдаланылатын автобустар;
* жақын орналасқан көлік айрықтары арасындағы учаскелерде су айдындары мен темір жолдарды кесіп өту үшін ақылы жолдарды пайдаланатын жүк көліктері, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы машиналары;
* ақылы трассаға іргелес аудандарда тіркелген жеке және заңды тұлғалардың бір ауданның ішінде қозғалуына арналған жеңіл автомобильдері.
3. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің жеңіл автомобильдері тегін жүру құқығына ие болды.