Қызылордада 300 жұмысшы жалақысын ала алмай жүр
Қытайлық компанияға жұмыс істейтін қызылордалық жүргізушілер үш айдан бері еңбекақысын алмаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылорда-Жезқазған тас жолын салып жатырған “Лунцзян” қытайлық компаниясы 300 жүргізушінің үш айдан бері жалақыларын бермей жүр. Айтуларынша, тендерді ұтқан компания өкілдері кейін береміз деп алдап келген.
Екі кәсіпкер мердігермен келісімшартқа отырып, жүк көліктерінің жүргізушілерін жалдаған. Бірақ олардың өздері де қытайлық компаниядан ақшамызды алмадық дейді. Айтуларынша, қарыздың жалпы сомасы 800 миллион теңгеден асады.
Мемлекеттен тапсырыс алып, Қызылорда-Жезқазған тас жолының бір бөлігін салып жатқан қытайлық “Лунцзян” компаниясы қаржылық қиындыққа тап болдық дейді.
Еңбектерінің ақысын талап еткен жүргізушілер тапсырыс беруші “Қазавтожол” компаниясына да барды. Алайда ұлттық компания өкілдері қытайлық мердігерге берешегіміз жоқ дейді. Осылайша шетелдік компания басшылары жүргізушілерге қарызын қашан, қалай қайтаратыны әзірге беймәлім.