Қыздар «сұлулыққа» қанша ақша жұмсайды?
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сыйлық іздеу дәстүрге айналатыны бар. Мереке қарсаңында опа-далап пен әшекей бұйымның бағасы артып, сұраныс көлемі ұлғаятынын білеміз. Осы орайда Kazinform тілшісі Қазақстандағы косметика нарығының жай-күйін бағамдап, сала әлеуетін сараптауға тырысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
20 мың теңге – тоқсандық шығын немесе Альфа-ұрпақ көп боянады
Сұлулыққа ұмтылу – бұрыннан бар үрдіс. Алайда ұмтылыстың шығыны көбейгендей. Қыз-келіншектердің опа-далап сатып алуға жұмсайтын қаржысы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, жалпы қазақстандық арулар жеке бас гигиенасына арналған тауарларды алуға тоқсан сайын 20 мың теңгеге дейін жұмсайды екен – өткен жылғы көрсеткіштен 5,6 пайыз жоғары. Әсіресе, Маңғыстау, Атырау облыстары мен Шымкент қаласы тұрғындарының шығыны басым.
Жыл ішінде сұлулық салондарының да бағасы артқан. Саладағы кәсіпкерлер өткен жылдың 9 айында 49,2 млрд теңге табыс тауыпты. Табыстың дені Алматы (11 млрд теңге), Астана (8,4 млрд теңге) қалалары мен Қарағанды (6,6 млрд теңге), Павлодар (4,2 млрд теңге), Қостанай (3,8 млрд теңге) облыстарындағы салондар үлесінде.
Beauty индустрия маманы Айжан Кудикенова косметика мен сұлулық салондарына сұраныстың артуының әлеуметтік астары бар деп санайды. Айтуынша, бұрын опа-далап жағуға жастары 18-ден асқан қыздар қызықса, қазір кәмелетке толмаған балалар да боянуға құмар.
Сондай-ақ бет-әлпет күтіміне әлеуметтік желідегі трендтер ықпал еткен көрінеді. Медиа кеңістіктегі контентте косметика мен сұлулық ұраны белең алып тұр. Түрлі-түсті шаш, қызыл-жасыл ерін сәнде. Мұны экобелсенділер мен маркетологтер тиімді пайдаланып, косметикаларға «табиғи әрі таза өнім» деген айдар тағып келеді.
Маман нарықтағы өнім түрі әлі артатынын жоққа шығармады. Бірегей, яғни адамның тері ерекшелігіне орайластырылған косметикалар қолданыстағы сегментті толықтырмақ.
Орта тап, «халал косметика»: нарықта не байқалады?
Жуырда Jarsking компаниясы Орталық Азиядағы косметика нарығы туралы зерттеу жариялады. Онда бізге де назар аударған. Түйгеніміз, отандастарымыз көрші елдерге қарағанда опа-далапты көп сатып алады екен. Демографиялық есеппен алсақ, жан басы көп Өзбекстан бұл санатта алда болуы керек еді. Неліктен Қазақстан көш басында? Jarsking себепті үш бағыттан тапқандай: электронды сауда, экономикалық өсім, елдегі орта таптың өркендеуі.
Экономикалық өсім мен электронды сауда туралы бірер сөз. Расында, пандемиядан кейін электронды сауда кең тарады. Дерттің беті қайтқаннан кейін көршілер қайта дәстүрлі сауда жолына түссе, Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем мен онлайн-дүкендердің дәуірі жүргенін байқаймыз. Мысалы, 2020 жылдан бастап электронды сауда көлемі 5 есе өсті. Ал қаңтардағы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2024 жылы қазақстандықтардың онлайн саудаға жұмсаған қаржысын 3,2 трлн теңгеге жобалады. Интернет-дүкендердегі көп сатылған тауардың ішінде косметика да бар. Сарапшылар бұған бөлшек финтех саласының жетілуі және халықтың интернетпен қамтылу көлемі ықпал етті деген ойда.
Маңызды дерек – үшінші себеп – орта тап. Әлеуметтануда бай мен кедейдің арасындағы топты шартты түрде орта тап деп атайды. Жіктік бөлініс пен алауыздықтың алдын алу үшін БАҚ-та сирек қолданылғанымен, экономикада бұл ұғым жиі айтылады. Себебі, ел дамуы орта таптың әлеуетіне тікелей байланысты. Есте болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында орта тапты дамыту мәселесі қалыс қалған жоқ. Президент «экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек» екенін ашық айтқан болатын. Демек, Jarsking компаниясы косметика нарығында сатып алу әлеуетін орта таптың күшеюімен байланыстырса, ілгерілеу байқала бастады деген сөз.
Қазақстан нарығында кезекті ерекшелікті «халал косметикадан» іздеген жөн. Кейінгі жылдары діни ұстанымға берік азаматтардың қатары көбейді. Олар түрлі саладағы тұтыну тауарларының шариғи үкімге сәйкес келуіне назар аударады. Бұл косметика нарығына да әсер етіп, опа-далап өндірушілері «Халал» сертификатын еншілеуге көшкен.
Косметолог Ақсүйрік Бақытқызының сөзінше, аталған сертификат маркетингтік қадамға жақын. Арнайы белгіні еншілеген кәсіпкер бәсекелестерге қарағанда сатылым деңгейін көтеруге мүмкіндік алады, тұтынушы саны ұлғаяды.
Бүгінде ішкі нарықта «халал» сертификатын алу құны 25 мыңнан басталады. Көбіне 1 жылға жарамды. Кәсіпкер белгіленген кезеңде қайта тексеріс жасатуы қажет. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, косметика нарығының 2,7 пайызы «Халал» сертификатын алып үлгеріпті, 46,4 пайызы отандық өндірушілердің үлесінде.
Қазақстандағы опа-далап нарығы импортқа тәуелді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, өткен жылы парфюмерия мен косметиканың отандық өндірісі 13 пайызға жуық кеміген. Саладағы кәсіпкерлер 3,8 мың тонна өнім өндірсе, өзге елден әкелінген тауар 49,3 мың тоннаға жеткен. Демек, отандық өндіріс нарықты қамтамасыз етуге қауқарсыз.
Жасыратыны жоқ, отандық өндірістің нарықтағы үлесі ауыз толтырып айтарлықтай емес. Парфюмерия мен косметиканың – 7,2 пайызы, шашқа арналған сусабын мен бояудың – 2,7 пайызы, жуғыш заттардың – 9,4 пайызы ғана Қазақстанда шығарылады. Оң өзгеріс тек сабын мен қырынуға арналған құралдарда – 24,9 және 39,2 пайыз.
Алайда өндіріс күйреді деуге әлі ерте. Қолдау көбеймесе де өндіріс тоқтаған жоқ. Өткен жылдың үш тоқсанында 17,3 млрд теңгеге парфюмерия, косметика, химиялық тауарлар шығарылыпты. Аймақтық бөлінісі бойынша айтсақ:
Қостанай облысы – 4,7 млрд теңге,
Алматы облысы – 1,2 млрд теңге,
Астана қаласы – 3 млрд теңге,
Шымкент қаласы – 2,7 млрд теңге,
Алматы қаласы – 2,6 млрд теңге болатын өнім шығарған.