COVID-19: Екінші отандық вакцина клиникалық сынақтың бірінші фазасынан өтті

304
Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья коронавирусқа қарсы отандық QazCoVac-P вакцинасы клиникалық сынақтардың бірінші кезеңінен өткенін қазір екінші кезеңінен өтіп жатқанын айтты. Ол бұл туралы педагогтардың республикалық тамыз конференциясында хабарлады. 

Күнсұлу Закарья отандық ғылымның маңызды жетістіктерінің бірі биологиялық қауіпсіздік проблемалары институтының QazVac сауда маркасымен шығарылатын QazCovid-in отандық вакцинасын әзірлеуі болғанын атап өтті.
 
"Қазіргі уақытта вакцина қазақстандықтардың денсаулығын сақтау мақсатында қолданылып жатыр.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша вакцина Қырғызстанға гуманитарлық көмек ретінде жіберілді. Бүгінгі күні ол сәтті түрде тіркелді және медициналық қолданысқа рұқсат берілді. QazVac вакцинасына басқа елдер де қызығушылық білдіріп жатыр. Біздің ғалымдарымыздың үлкен жетістігі- бұл вакцинаның клиникалық зерттеулердің екі кезеңінің нәтижесі The Lancet тобының беделді халықаралық журналында жариялануы. Біздің вакциналарымызға бүгінде өнертабысқа бес патент алынды. Вакцина сәтті нәтиже көрсетуде", - деді ол.