БИЫЛ 600-ГЕ ЖУЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРАДЫ
414
Биыл мемлекеттік әкімшілік қызметке орналасу үшін 1 232 үміткер тестілеуге қатысты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Нәтижесінде қатысушылардың 27,2 пайызы шекті деңгейден өткен. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарға 230 конкурс жарияланып, оған 363 азамат қатысты. Өткізілген байқау қорытындысымен 149 үміткер бос лауызымдарға қабылданды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев хабарлады.
- Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру басты міндетіміз болғандықтан, биыл 600-ге жуық қызметшінің білімін жетілдіру жоспарланды. Бүгінде өңірімізде ҚР Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 20 түлегі және «Болашақ» бағдарламасының 3 түлегі түрлі салада еңбек етуде. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс бабында қызметін асыра сілтеуге жол берілмейді. Егер нақты қызмет бабында заңбұзушылық орын алса, біздің департамент тиісті шара қолданады. Нақтырақ айтсақ, есепті кезеңде мемлекеттік органдардан 47 азамат орнынан кетті. Ал 14 мемлекеттік қызметші теріс бағыттағы себебі бойынша жұмыстан босатылды. Осыған сәйкес, жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңестің 7 отырысы өткізіліп, 33 мәселе қаралды. Сонымен қатар, мемлекеттік көрсетілетін қызмет саласында заңнаманың сақталуы бойынша департаментпен 13 бақылау шарасы жүргізілді. Осы жылы департаменттің бастамасымен әр түрлі бағыттағы бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Үздік жас мемлекеттік қызметші» байқауы. Онда Қазалы және Сырдария ауданының үздік мамандары жеңімпаз атанды. Осы секілді ауқымды шаралар жыл бойы өз жалғасын табатын болады, - деді Ғалым Сұлтанұлы.