Тоқаев: Әскери қызметшілердің еңбекақысы 60 пайызға жоғарылайды

416
Қазақстан президенті – Жоғарғы бас қолбасшы "Отпантау-2021" әскери оқу-жаттығу жиынына барды - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Ақорда сайтына сілтеме жасап.


 Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Оймаша» полигонында өткен «Отпантау-2021» шұғыл-стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына барды. Жоғарғы Бас қолбасшы Бас штабтың алдыңғы шептегі пунктін аралап көріп, Қорғаныс министрінің, әуе қорғанысы, құрлық әскері, әскери-теңіз және десант-шабуылдаушы әскерлер күштері басшыларының, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің баяндамасын тыңдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев арнаулы мақсаттағы бөлімдердің дайындығын тексеріп, қару-жарақтар мен техникалардың заманауи түрлерін көрді, сондай-ақ Ақтаудағы әскери госпиталь мен Маңғыстау облысындағы авиациялық инфрақұрылымның құрылыстарына қатысты презентациямен танысты.

Әдіс-тәсілдер көрсетілімі аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер алдында сөз сөйлеген Жоғарғы Бас қолбасшы «Оймаша» полигонында өткізілген оқу-жаттығу жиынының маңызы зор екенін айтты.

"Бұл тарихи мекен – елдік пен ерліктің, бірлік пен тұтастықтың символы. Ел шетіне жау тигенде бабаларымыз осы таудың басына «Ұран отын» жаққан. Жауапты сәтте бір тудың астына жиналған. Сондықтан жұртымыз оны «Бірліктің оты» деп атаған. Ерлеріміз туған жерді қорғау үшін жорыққа Отпантаудың бауырынан аттанған. Осы жерде ұлт тағдырын шешетін маңызды жиындар өткен. Бұл игі дәстүр қазіргі күнге дейін жетіп отыр. Біз батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Сонымен бірге дәстүр сабақтастығын сақтаймыз. Ең бастысы, байтақ даланы ұрпағына мирас еткен бабалар аманатына адал болып, Отанымызды қорғаймыз",– деді мемлекет басшысы.

Президент әскери оқу-жаттығу жиындарында, соның ішінде халықаралық деңгейде тұрақты түрде жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан еліміздің Қарулы Күштерінің әскери дайындығының деңгейі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ әскеріміздің нақты соғыс жағдайында да биіктен көрінетініне сенім білдірді.

"Армияда үнемі жаңғыру үдерісі жүргізіледі. Бұл заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге дайындығымызды қамтамасыз етеді. Арнайы операциялар жүргізетін күштер, барлау бөлімдері мен арнаулы мақсаттағы бөлімшелер қарқынды дамып келеді. Диверсиялық әрекеттерге  қарсы іс-қимылдар пысықталады. Тура соққы жасайтын қарулар мен ұшқышсыз басқарылатын құралдар кеңінен қолданыла бастады", – деді президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында мінсіз қызметтері үшін әскери қызметшілерге алғыс айтып, еліміздің қауіпсіздігін берік қорғайтындарына сенім білдірді.
 «Отпантау-2021» жедел-стратегиялық әскери-штабтың оқу-жаттығу жиыны әскеріміздің әзірлігін тосыннан тексерудің соңғы кезеңі болды. Қарулы Күштердегі оқу-жаттығу жиындары биылғы қыркүйек айының басынан бері жүргізіліп келеді. Тексеріске 9 мыңға жуық әскери қызметші қатысып, 3 мыңнан астам қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде 66 ұшу аппараты мен 8 кеме жұмылдырылды.