"Жігерсіз адам полицей бола алмайды"
Қызылордалық Серік Бексеитов 30 жыл құқық қорғау органында еңбек етті. Антына дақ, абыройына кір келтірген емес. Қазір бұрынғы полиция подполковнигінің екі ұлы әке жолын жалғап, қоғамға адал қызмет жасауда - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Құрметті полицей Серік Сәдуұлы – Қызылорда облысы Сырдария ауданының тумасы. Ол бала кезінен тәртіп сақшысы болуды армандағанын айтады. Сөзінше, қоғам тыныштығын күзетіп, халық игілігіне адал қызмет етуді қалапты. Осы мақсатына жету үшін тыңбай еңбек етіп, білім алды. Қарағанды қаласындағы жоғары милиция мектебін тәмамдады. Алғаш еңбек жолын қатардағы сарбаз ретінде бастап, Сырдария аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасарына дейін көтерілді. 30 жылға жуық уақыт ішінде талай қызметті атқарып, өзіне жүктелген жауапкершіліктің салмағын сезінді. Ең бастысы, антына адал бола білді. Жинаған мол тәжірибесімен бөлісіп, өзінен кейінгі жас әріптестеріне үлгі болып қалды."Құқық қорғау саласы – өте күрделі салалардың бірі. Полицей ең бірінші кезекте заң тұрғысынан өте сауатты болуы керек. Азаматтардың құқығын қорғап, кез келген жағдайда дұрыс әрекет ете білуі қажет. Біздің жұмыста қате шешім қабылдауға болмайды. Әрбір шешімнің соңында адамның тағдыры тұрады. Мен осы қағиданы есімнен шығармауға тырыстым. 30 жыл басқармада жұмыс жасадым. Ең бастысы, отбасым мен әріптестерімнің көзіне тік қарай аламын. Адамгершіліктен асып кеткен кезіміз болған жоқ", – дейді зейнеткер полицей.
Серік Бексеитов 2004 жылы құрметті зейнетке шықты. Бүгінде жақындарының жанында. Екі ұл мен үш қыздың асқар тау әкесі. Серік Сәдуұлы қызметпен қатар бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген жан. Соның нәтижесінде, перзенттері ата-анасын жерге қаратып, ұятты тірлік жасаған емес. Үш қызы анасы секілді мұғалім болса, екі ұлы әке жолын жалғап, полицей атанды.
"Екі ұлым да құқық қорғау органында жұмыс жасайды. Болашақ мамандықтарын өз қалауымен таңдады. Бала кездерінен менің форма кигеніме қызығып, еліктеген екен. Әрине, бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Дегенмен, жұмыс оңай емес, балаларыма абырой тілеп отырамын", – деп ағынан жарылды Серік Бексеитов.
Серік Сәдуұлының үлкен ұлы Алтынбек Бексеитов полиция майоры. Қазіргі таңда Сырдария ауданының Полиция бөлімінде абыройлы қызмет атқарып келеді. 17 жыл еңбек тәжірибесі бар. Жұмыс барысында адамгершілік және шыншылдық қасиеттерін жоғары бағалайды. Әкесі үйреткендей, ар мен намыстан асып кетпеуге тырысады.
"Әкем жұмысын үлкен жауапкершілікпен жасайтын, мамандығын айрықша құрметтеді. Біз соны көріп өстік. Сырдария аудандық Полиция бөлімінде жоғары лауазымды қызметті атқарған азамат. Халық әкемді жақсы таниды, ол кісінің ұстанымдарына беріктігін жоғары бағалайды. Мен ол кісінің атына кір келтірмеуді мақсат етемін. Қазір бөлімнің кадр саясаты тобының инспекторы болып жұмыс жасаймын. Ең бастысы – халыққа адал қызмет жасаудамыз", – дейді Алтынбек Серікұлы.
Серік Бексеитовтің кіші ұлы Асылбек мектеп бітіргеннен кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы Академиясының жоғары оқу орнында білім алған. Мұнан соң Қызылорда қаласының ішкі істер басқармасында 3 жыл тергеуші болып қызмет атқарды. 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясының магистратурасында білімін толықтырды. Қазір Қызылорда облысы Полиция департаментінің тергеу басқармасының аға тергеушісі болып еңбек етуде.
"Шынымды айтсам, болашақ мамандығымды бала кезімде-ақ таңдап қойғанмын. Әкем маған үлгі болды. Ол кісінің айтқан ақылы ешқашан есімнен кетпейді. Жігерсіз адамнан полицей шықпайды. Сол себепті ең бірінші кезекте, ер мінезімізді тәрбиеледі. Жұмысымызға адалдық пен мамандығымызға деген сүйіспеншілік қанмен берілген қасиет деп ойлаймын. Ағам да осы салада абыройлы еңбек етіп келе жатыр. Жұмыс барысында жиі ақылдасып, бір-бірімізге қолдау білдіріп тұрамыз. Әкеміз секілді біз де қоғамға өзіміздің еңбегімізді сіңіргіміз келеді. Қарапайым халықтың ризашылығына бөленген – үлкен бақыт", – дейді Асылбек Серікұлы.
Қос полицей де келешекте балаларының өз іздерін жалғағандарына қарсы емес. Сол себепті бұл полицейлер династиясы әлі де жалғасын табуы мүмкін.