12 млн теңге тұратын гүл шоғы: Түркістан облысында полицейлер қызғалдақ терген әйелді іздестіріп жатыр

1 106

фото: Alex Gottschalk/DeFodi Images via Getty ImagesТүркістан облысында қызғалдақ терген әйелге ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін. Әйелдің гүл теріп жүрген видеосы желіде тарады. Қазір полиция оны іздестіріп жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Видео Telegram-дағы Halyqstan арнасында жариялады. Автордың айтуынша, бұл Қызыл кітапқа енген Грейг қызғалдақтары болуы мүмкін. Бұл гүлдерді жұлған адам жауапкершілікке тартылады.

Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі видеодағы әйелді іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Жағдайдың толық мән-жайы кейінірек хабарланады деді полиция департаменті өкілдері.

Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес, өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрін, оның бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде оның айналымы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетін түрлерін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жойғандардың мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 3000 АЕК-ке дейінгі (11 млн 769 мың теңге) мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.