Илон Масктың компаниясы еліміздегі ауылдарды интернетке қосады
Қазақстан мен Starlink компаниясы арасында спутниктік интернетті ресми түрде іске қосу туралы келісім жасалды. Енді еліміздің кез келген нүктесінде, тіпті шалғай ауылдарда да жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді болмақ,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы арасында жасалған келісімге сәйкес, елімізде спутниктік интернет терминалдарын ресми сату көзделіп отыр. Құжатқа сәйкес, Starlink өнімдері Қазақстан заңнамасына сай жұмыс істейтін болады.
Жобаны іске асыру – елдің шалғай өңірлерін жоғары жылдамдықтағы спутниктік интернетпен қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ. Бұл цифрлық байланыс мүмкіндіктерін кеңейтіп, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға тың серпін береді.
Starlink жабдықтарын заңдастыру мен ресми қолдану мәртебесінің ерекше маңызы бар: енді азаматтар терминалдарды заңды түрде сатып алып, пайдаланып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркей алады.







