Қаланың сәулеттік келбетін сақтау – ортақ міндет: Заңсыз құрылыс нысандарына қатаң шаралар қолданылады

1 404

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіҚызылорда қаласындағы құрылыс ережелерінің бұзылуы мен мемлекеттік жерді заңсыз иелену фактілері бойынша тексеріс жұмыстары жалғасуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Бұл бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің тікелей тапсырмасына сәйкес құрылған арнайы жұмысшы топтың бастамасымен жүзеге асырылуда.


Тексеру кезінде анықталған заңбұзушылықтар

Жұмысшы топ бұған дейін де «Арай» шағын ауданындағы Текей батыр және Ж.Әбдіреев көшелері бойындағы кәсіпкерлік нысандарды тексеріп, бірқатар заңбұзушылықты анықтаған болатын. Мемлекеттік жерді рұқсатсыз иелену, құрылыс салу сызығын бұзу, рұқсат құжаттарынсыз дүңгіршек орналастыру сынды әрекеттер анықталып, кәсіпкерлерге ескерту жасалған еді.


Кезекті тексеру барысында да сол көшеде орналасқан бірнеше нысан бойынша құрылыс нормалары мен заң талаптарының бұзылғаны белгілі болды. Атап айтқанда:


Ж.Әбдіреев көшесі 9, 11 және 17 «а» мекенжайларында кәсіпкерлер тарапынан заңсыз құрылыс фактілері анықталды;


«Табын» құрылыс заттары орталығы тиісті аумақ шекарасынан асып, заңсыз құрылыс жүргізіп, құрылыс материалдарын сыртқа шығару арқылы жол қозғалысына және қауіпсіздікке қауіп төндіріп отырғаны белгілі болды;


Оған көрші азық-түлік дүкенінің иесі де жаяу жүргіншілер жолын бөгеп, қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қиындатқан;


Ж.Әбдіреев көшесі, 17 «а» мекенжайындағы сауда орталығының иесі тиісті рұқсат құжаттарынсыз дүңгіршек орнатқан;


Астана даңғылы, 37 мекенжайындағы «Айзере» кафесі де рұқсатсыз құрылыс жүргізіп, заң талаптарын елемеген.


Құқықтық шаралар мен бақылау жалғасады

Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша кәсіп иелеріне ескерту жасалды, ал тиісті шаралар қабылдау мақсатында құжаттар Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет және қала құрылысы бақылау басқармасына жолданды.


Мамандардың айтуынша, қала аумағында мұндай заңсыз құрылыс фактілері тұрғындарға қолайсыздық тудырып қана қоймай, қаланың жоспарлы дамуына, инфрақұрылым желілеріне және қауіпсіздік талаптарына кері әсер етеді.


Қаланың келбеті мен заң үстемдігі бәрінен биік

Қоғамда «жер ортақ, тәртіп бәріне бірдей» деген қағиданы ұстану – әділеттілік пен дамудың кепілі. Қала инфрақұрылымының тиімді және қауіпсіз жұмыс істеуі үшін әрбір құрылыс нысаны заң талаптарына сәйкес жүргізілуі қажет. Рұқсатсыз немесе белгіленген шекарадан тыс салынған кез келген құрылыс – тек әкімшілік құқық бұзушылық емес, ол қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың құқықтарын елемеу деп бағаланады.


Сол себепті Қызылорда қаласының сәулетіне, қауіпсіздігіне және заңдылығына нұқсан келтіретін кез келген заңсыз әрекетке қатаң шаралар қолданылатын болады.


Тексерулер жалғасады

Арнайы жұмысшы топтың мониторингтік жұмыстары тұрақты түрде жалғасады. Болашақта өзге де шағын аудандар мен орталық көшелерде осы тектес тексерулер жүргізу жоспарланған. Бұл – тек жазалау емес, ең алдымен қаланың көркін сақтау, тәртіп орнату және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс.


Қоғамдық тәртіп пен заң талаптарына бағыну – әр кәсіпкердің азаматтық борышы. Қала басшылығы мен тиісті басқармалар тарапынан жүргізіліп жатқан бұл бақылау жұмыстары – Қызылорданың қауіпсіз әрі көрікті қала ретінде дамуына бағытталған нақты қадамдардың бірі.