Шиелі ауданы өндірістік кәсіпорынның табысты үлгісі
Шиелі ауданында табысты жүзеге асып жатқан өндірістік жобалар үлгі ретінде кеңінен насихатталуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жұмысшы мамандықтары – ел дамуының тірегі
2024 жыл – еліміз үшін ерекше маңызға ие жылдардың бірі. Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жыл "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияланып, қоғам назарын еңбек адамының беделін арттыруға, өндірістік және техникалық бағыттағы мамандықтардың маңызын терең түсіндіруге бағытталған жүйелі жұмыстар қолға алынды. Бұл бастама – ел экономикасының нақты секторында еңбек етіп жүрген мыңдаған маманның еңбегін бағалауға, жастардың жұмысшы кәсіптеріне деген қызығушылығын арттыруға жасалған нақты қадам.
Ел болашағы – өндірісте. Индустриалды-инновациялық даму бағытына бет бұрған Қазақстан үшін кәсіби шеберлігі жоғары жұмысшы мамандардың рөлі айрықша. Осы орайда, жер-жерлерде жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобалар мен ауыл шаруашылығы саласындағы табысты кәсіпорындар – еңбек адамын дәріптеудің жарқын үлгісі ретінде насихатталуда. Солардың бірі – Шиелі ауданында 2024 жылы іске қосылған құс еті өндіру кәсіпорны.
Ауылдан шыққан табысты кәсіп
Жаңа кәсіпорынның негізін қалаушы – Құрманбаева Гүлзада Ақназаровна. Туған жеріне деген сүйіспеншілік пен еңбекке деген адалдықтың үлгісін көрсетіп отырған іскер азаматша өз кәсібін ауылдық жерде дөңгелетіп, ет бағытындағы ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде бұл жоба аудан үшін ғана емес, жалпы аймақ үшін үлгі боларлық бастамаға айналды.
Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы – айына 9 тонна құс еті. Бұл шамамен 4500 дана құс өсіруге мүмкіндік береді. Жобаның басты артықшылығы – өнімнің толықтай ішкі нарыққа бағытталуы. Яғни, тұрғындарды сапалы, экологиялық таза, жергілікті өніммен қамтамасыз ету – кәсіпорынның басты мақсаты.
Жобаның әлеуметтік маңыздылығы да жоғары. Қазіргі таңда кәсіпорында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – ауылдық жерлерде жұмыссыздықты төмендетуге оң ықпал ететін нақты нәтиже. Сонымен қатар, өндірісте жұмыс істейтін әрбір қызметкердің кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі жоғары. Құс өсіру – оңай шаруа емес. Бұл – ерекше күтімді, ветеринарлық бақылауды, азықтандыру тәртібін, санитарлық нормаларды сақтауды талап ететін күрделі әрі жауапты іс.
Еңбек – ерлікпен тең
Құс еті өндірісі арқылы ел экономикасының агроөнеркәсіптік саласын дамытумен қатар, бұл жоба еңбек адамының беделін көтеруге үлкен үлес қосып отыр. Жұмысшы мамандықтарының – тек қарапайым еңбек емес, елдің өндірістік қуатын арттырып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сала екендігін дәлелдеп берді. Бүгінде елімізге жан-жақты дамыған, технологияны меңгерген, кәсіби даярлығы жоғары жұмысшы кадрлар қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, Құрманбаева Гүлзада Ақназаровна жетекшілік етіп отырған жоба – жастарға үлкен мотивация. Өз ісін ауылдан бастаған іскер азаматшаның табысты жолы арқылы біз жастарға: «еңбек ет, кәсіп аш, өз ісіңді баста – бәрі де мүмкін» деген нақты әрі сенімді жол көрсетіп отырмыз.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» – бұл жай ғана ұран емес. Бұл – еңбек адамына деген құрметтің артуы, ел экономикасын нақты сектор арқылы дамыту жолындағы стратегиялық шешім. Шиелі ауданындағы құс еті өндіру кәсіпорны секілді жобалар – осы бағыттың жарқын көрінісі.
Бүгінгі таңда ауылдан шыққан қарапайым еңбек иелері ел тағдырын шешуге, экономиканы алға сүйреуге өз үлесін қосып жатқанын көріп отырмыз. Ең бастысы – жастар осындай үлгілерден шабыт алып, өз болашағын адал еңбек пен кәсіби шеберлік арқылы құруға ұмтылса, еліміздің болашағы да баянды болмақ.