Аудан әкімі бақ өкілдерін мерекемен құттықтады
Қазалыда БАҚ өкілдері кәсіби мерекелерін ерекше құрметпен қарсы алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет журналистерді құттықтады
Биыл 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі Қазалы ауданында мазмұнды әрі ерекше форматта аталып өтті. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің бастамасымен ұйымдастырылған мерекелік қабылдауға өңірлік журналистика саласының ардагерлері, жергілікті басылым басшылары мен қалам ұстаған тілшілер қауымы қатысты.
Журналист – шындықтың шырақшысы
Қоғамның қозғаушы күші саналатын төртінші билік өкілдерімен өткен салтанатты жиын Руханият орталығында өтті. Аудан басшысы Мейрамбек Шермағанбет өзінің құттықтау сөзінде:
– Сіздер халық пен билік арасындағы алтын көпір іспеттес маңызды миссия атқарып келесіздер. Қазалы өңірінің тыныс-тіршілігін, дамуын, жетістігін дер кезінде жариялап, ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастырып жүргендеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Қаламгердің еңбегі – көрінбесе де, ел үшін елеулі. Әрқайсыңыздың еңбегіңіз ауданның дамуына қосылған шынайы үлес, – деп атап өтті.
Алғыс хат пен сый-сияпат – еңбектің бағасы
Жиын барысында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай аудан әкімінің Алғыс хаттары мен мерекелік сыйлықтары табысталды. Марапат иелерінің қатарында жергілікті баспасөздің белді өкілдері, жас тілшілер мен саланың ардагерлері болды.
Ардагер журналистер жүрекжарды тілегін білдірді
Қазақстан Журналистер Одағының мүшелері, елге танымал ардагер журналистер Қасқырбек Мәмбетжанов пен Алмагүл Қаржаубаева да сөз сөйлеп, журналистиканың бүгіні мен болашағы жайлы ойларын ортаға салды. Олар:
– Журналистика – мәңгілік мамандық. Қандай кезең болмасын, қоғамға ақиқат керек. Бүгінде жас буын осы жолды жалғап келеді. Мейрамбек Шермағанбет мырзаның БАҚ өкілдеріне деген құрметі – руханиятқа деген құрмет, – деп өз ризашылықтарын білдірді.
Ән мен ақ тілекке толы кеш
Кеш соңында аудан өнерпаздары мерекелік көңіл-күй сыйлап, журналистерге арналған музыкалық сәлемдерін арнады. Әсем ән мен жүрекжарды лебіздер журналистер қауымына рухани серпіліс сыйлап, кездесу естен кетпес сәтке айналды.







