Маңызды міндеттер уақытылы әрі нәтижелі орындалу қажет

1 507

Фото: Қармақшы әкімдігіҚауіпсіз еңбек, тиімді туризм және экологиялық тәртіп – басты назарда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қармақшы ауданында өзекті мәселелер бойынша арнайы жиналыс өтті


Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен өткен мәжілісте қауіпсіз еңбек жағдайлары, еңбек саласын цифрландыру, сондай-ақ туристерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы мәселелер кеңінен қаралды. Мәжіліс қорытындысына сәйкес, аудан әкімдері мен сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.


Осыған орай, Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек аудан көлемінде берілген тапсырмаларды іске асыруға бағытталған арнайы жиналыс өткізіп, бірқатар маңызды міндеттерді нақтылады.


Еңбекті қорғау – басты басымдық

Жиын барысында аудан басшысы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесіне ерекше тоқталып, бұл бағытта алдын алу шаралары мен қатаң бақылау тетіктерін әзірлеу қажеттігін айтты. Аудан әкімінің идеология саласына жетекшілік ететін орынбасарына және жауапты бөлім басшыларына қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, өндірістік орындардағы жұмысшылардың денсаулығы мен өмірін қорғау бойынша нақты жоспар дайындау тапсырылды.


— Әрбір азаматтың амандығы – басты құндылық. Жұмыс орнындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы – тек заң талабы емес, адам өміріне деген жауапкершілік, – деді Жандос Еркінбек.


Туризм – экономикалық серпін көзі

Аудан басшысы жиын барысында ішкі туризмді дамыту мәселесіне де айрықша назар аударды. Аудандық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысына туристік маршруттар бойындағы мәдени-тарихи және табиғи нысандардың инфрақұрылымын жақсарту, жазғы демалыс орындары мен ойын-сауық аймақтарын қалыптастыру, сондай-ақ аудан аумағында демалыс инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.


Қармақшы өңірінің тарихи-мәдени әлеуеті зор екенін ескерген аудан әкімі бұл бағытты жүйелі түрде дамыту арқылы жергілікті туризмді жандандыру, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі бар екенін айтты.


«Таза Қазақстан» – жалпыхалықтық сипат алуы тиіс

Жиынның үшінші бағыты – экологиялық тәртіп және санитарлық тазалық мәселелері болды. Жандос Еркінбек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына ерекше тоқталып, барлық мекеме, ұйым басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне бұл бастамаға белсенді, жүйелі түрде қатысу қажеттігін ескертті.


— Бұл акция – тек бір реттік шара емес. Ол әр азаматтың күнделікті дағдысына, қоғамдық тәртіп пен жауапкершілік мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуы қажет. Жұмыс тек сенбілікпен шектелмей, жыл бойына жалғасуы тиіс, – деді аудан әкімі.


Сонымен қатар, елді мекендердегі көгалдандыру, ағаш отырғызу, қоқыс тастайтын орындарды ретке келтіру және инфрақұрылымдарды абаттандыру мәселелері бойынша да тапсырмалар берілді.


Қорытынды бақылауда

Жиын соңында аудан басшысы барлық берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынатынын, әр сала жетекшісі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетуі тиіс екенін атап өтті. Қоғамдық кеңістікті жақсарту, қауіпсіз еңбек пен экологияны сақтау – жергілікті билік пен халықтың бірлескен еңбегінің нәтижесі болатынына тоқталды.