Аймағамбетов бұдан былай мектеп директорлары қалай тағайындалатынын айтты

424
Оның сөзінше, бүгінде елімізде мектеп басшысы лауазымына 700-ден астам бос жұмыс орны бар және онда директордың міндетін атқарушы адамдар жұмыс істеп жүр.

Айтуынша, байқаудың өзі бірнеше кезеңнен тұрады:
кандидаттардың директор лауазымына құжаттарды тапсыруы;
білім басқармасындағы кадр қызметінің кандидаттың біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауы, конкурсқа қатысуға рұқсат беруі; үміткерлерге арналған электрондық тестілеу (басқарушылық құзыреттер, педагогика, психология, ҚР Заңнамасы бойынша тестілеу);
оқу орнының Қамқоршылық кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын қорғау (тестілеуді сәтті тапсырған жағдайда);
Білім басқармасындағы әңгімелесу (Қамқоршылық кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын сәтті қорғап шыққан үміткерлер жіберіледі).

Айта кетсек, қамқоршылық кеңесінің құрамына ата-аналар, педагогика саласының еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.
Барлық кезеңнен өткен үміткермен білім бөлімі тиісті еңбек шартын жасап, оны директор етіп тағайындау туралы бұйрық шығарады.
Одан бөлек, Аймағамбетов болашақ директорларға қойылатын біліктілік талаптары туралы айта кетті.

Біріншіден, болашақ директорлар міндетті түрде менеджмент курстарынан өтіп, тиісті сертификаттары болуы керек.

Екіншіден, директор лауазымына басшы ретінде жұмыс өтілі бар кәсіби мұғалімдер тағайындалуы мүмкін, ал жалпы педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл болуы қажет.

Үшіншіден, үміткер тағайындалғанға дейін соңғы екі жыл білім беру саласында жұмыс істеуі тиіс.

Төртіншіден, тағы бір жаңашылдық — кадр резервін құру. Алғашқы екі кезеңнен сәтті өткен, бірақ білім басқармасында әңгімелесуден өтпеген кандидаттар енді бір жылға резервке алынуы мүмкін. Бұл кандидаттарға мектептің Қамқоршылық кеңесімен келісе отырып, бір жыл ішінде директор лауазымына тағайындалу құқығын береді. Бесіншіден, биылдан бастап директорларды ротациялау институты енгізілетін болады.
"Директорларды тағайындау рәсімдері мен оларды материалдық қолдау жөніндегі осы өзгерістің барлығы директор лауазымына лайықты, барынша даярланған кандидаттарды таңдауға және білім беру ұйымдары басшыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Сайып келгенде бұл білім беру сапасына әсер етеді", - деп қорытындылады министр.