Баспана берілді: Қоғамды дүрліктірген оқиғадан кейін қолдау көрсетілді
Алматы облысында ит талап, сан еті мен құлағын жұлып алған 10 жастағы Максимнің отбасы баспаналы болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мира Бейсен есімді желі қолданушысы Максимнің отбасына үй берілгенін айтып, қазақстанстандықтардан сүйінші сұрады.
Желі қолданушысының айтуынша, қор оқырмандарынан ақша жинап, көпбалалы отбасыға үй алып берген.
Еске салсақ, 30 маусымда Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде ойнап жүрген 10 жастағы баланы екі қабаған ит талап, ауыр жарақаттады. Құтқарушылар жеткенше иттер баланың сан етін, құлағын жұлып алған. Қасындағы балалардың жанұшыра айғайынан кейін көмекке келген 65 жастағы такси жүргізушісі бәкісімен иттерге қарсы шабуылдап, оның өмірін аман алып қалды.







