"Зорланғанын қайдан көріп тұрсыз, сәл-пәл ғана неткен". Қаңтардағы қыз зорлау дерегі дау туғызды
664
Қаңтар оқиғасына байланысты үш бөлімнен тұратын фильм түсірілген. Фильмде "бүлікшілердің" қыз зорлау бөлігі де бар,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.
Бұл туралы Асылхан Мамашұлы жазды.
"Қаңтар оқиғасына байланысты фильм көрсетеді деген соң қай күні Астана орталығындағы "Арман" кинотеатрына бардым. Фильм авторлары Астанадағы Өнер университетін бітіріп, Мәскеуде оқудың түбін түсіріп келген үш жігіт. Қысқа-нұсқа үш бөліктен тұрады екен.
Бірінші бөлім - әділет сүйгіш полицей туралы, қаңтардағы "тобыр" кімнің кім екеніне қарамай оны да басынан бір періп құлатады.
Үшінші бөлім - дүрбелеңде өлген адамды қазып алып жатқан полицей туралы. Қазғалы тұрғанда бұрынғы әйелі келіп, көрдегі адам сенің балаң дейді. Полицей қатты қиналса да міндетін адал орындап, баласын көрден қазып алып сараптамаға тапсырады.
Екінші бөлім - дүрбелең кезінде Алматыдағы Орталық музейді "тобырдан" сақтап қалған музей директорының орынбасары туралы.
"Елірген топ" музейге басып кіріп қирата бастайды. Директордың орынбасары шығып, жалынып-жалпайып жәдігерлерге тиіспей, аман алып қалады. Бұл жөнінде баспасөз жазған.
Бірақ мен әлгі "тобыр" музей қызметкері - жас қызды сүйрелеп әкетіп бара жатқанда таңғала бастадым. Бір кезде қыздың етбетінен жатқаны, артында бірнеше адам тұрғаны көрінеді. Яғни, "бүлікшілер" қыз зорлаған.
Фильм аяқталғанда екі режиссер мен продюсер сахнаға шығып, көрермендермен пікірлесті.
Залдың ең артқы қатарында отырғам. Қол көтердім де "қыз зорланғаны рас па, жоқ па" деп сұрадым. Кішкене жайсыздау тиген сияқты, қыз зорланған жоқ, ойдан қостық деді.
Сонан кейінгі талқының бәрі менің сұрағыма жауап беруден басталды. Небір сен тұр, мен атайын әртістер мен профессорлар сөйлеп, менің көркем дүниеден түк түсінбейтінімді түсіндірді. Қыз зорлануы да мүмкін еді дегенді көрсеткісі келді деді.
Бір жас жігіт орнынан тұрып, мен жаққа қарап "зорланғанын қай жерден көріп тұрсыз, сәл-пәл ғана неткен" деп айқайлады. Зал қол соқты.
Әлгі режиссерлердің ұстазы да менің қатарымда отыр екен. Ең артында тұрып ол да сөйлеп, етегін сәл-пәл көтергенде тұрған не бар дегенде құлап қала жаздадым. "Осы жұрт одан қайта анау оңбағандарды айтпай ма, Алтын адамды, алтынды ұрлайын деп келген ғой" деп әрең тоқтап, шәкірттеріне осынша керемет туынды жасағаны үшін алғыс айтты. Зал оған да шулап, қол соқты. Сөйтсем залда отырғанның дені Өнер университетінің студенттері мен профессорлары екен.
Тек бір адам ғана, әй бұларың ұят болды деді. Қорланып қайттым", деп жазды.
"Пропагандондар осылай қалыптасады. Қалыптастырады қиюын келістіріп", "Біресе ауруханадағы медбике, енді бірде мұражай қызметкері деп өздері ойлап тапқаны нұсқаны кинотуынды арқылы шындық еткілері келе ме сонда?! Оның қандай қажеттігі бар?", "Жиіркенішті киносымақ", "Әйтеуір зорлық көрсетілуі тиіс болғаны өкінішті", деп жазды оқырмандар.