ШИЕЛІДЕГІ №244 ЫБЫРАЙ ЖАҚАЕВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ АЛДЫ ЖАҢА БЕЙНЕГЕ ЕНДІ

3

Фото: Шиелі аудан әкімдігіШиелі ауданындағы №244 Ыбырай Жақаев атындағы мектеп-лицейі жаңарып, балалар үшін тартымды ортаға айналды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Шиелі ауданындағы тарихы терең, тағылымы мол №244 Ыбырай Жақаев атындағы мектеп-лицейі жаңа кейіпке енді. Оқу орнының аумағы абаттандырылып, заманауи талаптарға сай толық жаңғыртудан өтті. Бұл өзгерістер оқушылар үшін қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға да серпін бермек.


Мектеп ауласына заманауи ойын алаңы орнатылып, балалардың қауіпсіз әрі белсенді демалуына барлық жағдай жасалды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, мектеп айналасы көркейе түсті. Тәрбиелік мәні зор бұл жұмыстар жас ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық сана қалыптастыруға негіз болуда.


Бұдан бөлек, мектеп ғимаратының сыртқы келбетіне де айрықша мән берілді. Ғимарат қабырғасына дала академигі, еңбек ері Ыбырай Жақаевтың бейнесі салынды. Бұл — қазақ халқының ерен тұлғасының рухын ұлықтап, жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді терең сіңіруге бағытталған тың қадам. Қабырғадағы бейне көркемдік мәні жағынан да, рухани мағынасы тұрғысынан да ерекше әсер қалдырады.


Аталған игі істердің жүзеге асуына «Baikonyr Solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік аясында ауқымды қолдау танытты. Мұндай демеушілік – кәсіпкерлік пен қоғам арасындағы байланыстың берік екенін дәлелдейді. Бұл – ел болашағы үшін жасалып жатқан нақты қамқорлықтың, шынайы жанашырлықтың жарқын үлгісі.


«Baikonyr Solar» ЖШС тарапынан жасалған қолдау білім беру саласына деген жанашыр көзқарасты білдіреді. Бұл бастама өзге де мекемелерге үлгі болып, аудан көлемінде мектеп аумақтарын абаттандыру мен эстетикалық тұрғыдан жаңғыртуға жол ашатыны анық.


Жаңартылған мектеп аумағы мен көркемделген ғимарат – оқушылар мен ұстаздар қауымы үшін үлкен қуаныш. Бұл тек физикалық кеңістікке ғана емес, жас ұрпақтың сана-сезімі мен дүниетанымына оң әсер ететін маңызды өзгеріс.


Мектеп ұжымы мен ата-аналар қауымы осындай игі іске ұйытқы болған демеушілерге алғыс білдіре отырып, бұл бастама жалғасын табады деген сенімде. Алдағы уақытта да білім беру мекемелерін көркейту, сапалы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасары сөзсіз.