Халық қалаулысы Қазалы ауданының тұрғындарымен кездесіп ауыл мәселелерін талқылады
Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов жұмыс сапары барысында Бекарыстан би, Қожабақы ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, мәселелерін тыңдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ауыл ішіндегі «Диін бағында» өткен жүздесуде халық қалаулысы елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешу мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Мәжілісте қабылданып жатқан заңдар мен бағдарламалар туралы ақпарат берді. Бюджет қаржысының игерілуіне қатысты да сөз қозғап, бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуы басты талап екенін айтты.
Кездесуде тұрғындар спорт кешенінің құрылысын аяқтауға қосымша қаржы бөлу, ауылішілік жолдарды жөндеу, көпірлерді қалпына келтіру, денсаулық сақтау нысандары, соның ішінде аулыға аурухана қажеттілігі туралы ұсыныстарын жеткізді.
Өз кезегінде депутат көтерілген әрбір мәселеге жеке жауап беріп, жауапты сала басшыларымен бірге шешу жолдарын қарастыратынын және бақылауында ұстайтынын айтты.
Жиын соңында ауыл тұрғындары атқарылып жатқан игі істердің аз еместігін атап өтіп, елмен етене араласып жүрген халық қалаулысына ризашылықтарын білдірді. Алдағы қызметіне сәттілік тілеп, баталарын берді.
Мархабат Жайымбетов Қожабақы ауылына арнайы барып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Жиын барысында халық қалаулысы ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелерге назар аударды.
Бірінші кезекте Мәжілісте қабылданып жатқан заңдар мен бағдарламалар туралы ақпарат беріп, олардың өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізер ықпалына тоқталды. Бюджет қаржысының игерілуіне қатысты мәселеге де назар аударды.
Кездесуде тұрғындар әсіресе елді мекендегі инфрақұрылым бағытына қатысты мәселелерді кеңінен қозғады. Атап айтқанда, Аранды – Қожабақы бағытындағы 12 шақырымдық жолды жөндеу, Аранды ауылынан скважина қазу, газдандыру жұмыстары, спорт кешенінің құрылысын аяқтау үшін қосымша қаржы бөлу, сондай-ақ балабақша салу қажеттігі сынды ұсыныстар айтылды.
Көтерілген барлық мәселелер бойынша депутат нақты жауап беріп, әрбір ұсыныстың орындалысын бақылауда ұстайтынын жеткізді. Сонымен бірге, жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе отырып шешу жолдарын қарастыратынын айтты.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары өздерінің ұсыныс-пікірлеріне бейжай қарамай, ашық диалог орнатқан халық қалаулысына ризашылықтарын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.







