Шиелі ауданында абаттандыру мен тазалық жұмыстары қарқын алды

2 328

Фото: Аудан әкімдігіШиелі ауданында абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Көше жолдары мен қоғамдық нысандар абаттандырылып, жарықтандыру мен көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Тазалықты сақтау мақсатында кент үш аумаққа бөлініп, арнайы мекеме арқылы тұрмыстық қалдықтарды шығару, су себу және басқа да қызметтер жүзеге асырылуда. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін әкімшілік айыппұлдар салынып, тазалыққа бақылау күшейтілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Аудан орталығында абаттандыру және жол құрылысы саласында бірнеше жұмыстар атқарылуда.
2024 жылы аудан орталығында абаттандыру жұмыстарына 1 млрд 176 млн, ал 2025 жылы 870 млн қаражат қаралды.

Бұл қаржыға Шиелі кентіндегі Дәулеткерей, Байтұрсынов және Жақаев көшелерінің бойында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Заманауи үлгідегі екі жарықты 22 түнгі жарық бағанасы орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы мен жол жиегіне тас төселді.
И.Әбдікәрімов көшесіндегі Руханият орталығының ауласы газон, субұрқақ, жарық шамдары және орындықтармен абаттандырылды.

Сонымен қатар, Шиелі кентіне бизнес-инкубатор орнату және Жайлыбаев пен Д.Смайлов көшелеріндегі автомобиль жолдарын күрделі жөндеу қолға алынды.
Демеушілер есебінен №244 және №48 мектептер жанынан балалар ойын және шағын футбол алаңдары салынды.

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында және облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданда санитариялық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Кент аумағы үш аймаққа бөлініп, тазалық жұмыстары «Формула Безопасности – Астана» ЖШС-мен келісім арқылы атқарылуда.

Мердігер мекеме тұрмыстық қалдықтарды шығару, су себу, көшелерді сыпыру, қысқы күтім, қураған ағаштарды кесу сияқты жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі таңда екі техника екі бағытта су себу жұмыстарын тұрақты атқарып жүр.

Қалдықтарды шығаруға 1608 абонент (оның ішінде 1484 жеке тұрғын, 124 кәсіпкерлік нысан) келісімшарт жасаған.
Республикалық акция аясында 78 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 2 млн 160 мың 200 айыппұл салынды.

Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіліп, толық көлемде жалғасын табады.