Табиғи газ – ауылды дамытудың басты құралы: Аудандық газдандыру жұмыстары кеңейіп келеді
Сырдария ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттырып, инфрақұрылымдық әлеуетті нығайту бағытында маңызды әлеуметтік жобалар жүйелі жүзеге асырылуда. Соның ішінде халықтың көптен күткен игілігі — табиғи газбен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Бүгінгі таңда ауданның газдандырылу көрсеткіші 50 пайызға жетіп отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен бірқатар елді мекендерде газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба өңірді экологиялық тұрғыда таза отынға көшіріп қана қоймай, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына да оң әсер етуде.
Н.Ілиясов ауылында табиғи газ пайдаланылуда
Атап айтқанда, биылғы мамыр айынан бастап Н.Ілиясов ауылы табиғи газдың игілігін көруде. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 661,4 миллион теңге бөлініп, тиісті инфрақұрылым құрылысы мерзімінен бұрын аяқталды. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары көгілдір отынды тұрмыста кеңінен қолдануда.
Шаған ауылын газдандыру – қарқынды жүзеге асуда
Тағы бір ауқымды жоба – Шаған ауылын газдандыру. Жобаның жалпы құны 2,6 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, қызу жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін Шаған тұрғындары табиғи газбен толық қамтылатын болады.
Ақжарма ауылында жобалық жұмыстар басталды
Сонымен қатар, жалпы құны 1,8 миллиард теңгеге бағаланған Ақжарма ауылын газдандыру жобасы да өзекті. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 200 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жұмыстар кестеге сәйкес басталып, кезең-кезеңімен жүзеге асады деп күтілуде.
Бесарық, Шіркейлі және Қоғалыкөл – келесі кезекте
Аудан көлемінде газдандыру қамту аясын кеңейту мақсатында Бесарық, Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдарын газдандыру жобалары әзірленіп, бұл жұмыстарды демеушілердің қолдауымен жүргізу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта тиісті техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленіп, облыстық энергетика басқармасына бюджеттік өтінімдер ұсынылған.
Газдандыру – әлеуметтік дамудың тірегі
Ауданда жүзеге асып жатқан бұл бастамалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, экологияны жақсартуға, отын шығындарын азайтуға, сонымен бірге ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртуға үлкен сеп болып отыр.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде аудан халқының тұрмыс сапасы жыл санап артып келеді. Табиғи газбен қамтылу деңгейі артқан сайын аудан экологиялық қауіпсіз, экономикалық тиімді әрі заманауи өмір салтына біртіндеп көшіп келеді.