Босқындарға көмек көрсету үшін шекараны кесіп өтпек болған депутат желіде қызу талқыға түсті

426
Польшада Азаматтық коалиция депутаты Франчишек Стерчевский Польша-Беларусь шекарасындағы босқындарға көмек көрсету үшін шекараны кесіп өтпек болды. Аталған жайттың видеосы желіде тарап, оның әрекеті қоғамда қызу талқыға түсті. 

Оппозициялық бағыттағы Азаматтық коалицияның атынан сайланған Сейма (парламенттің төменгі палатасы) депутаты Франчишек Стерчевский үш апта бойы шекарада жатқан мигранттар лагеріне өтіп, оларға дәрі-дәрмек бермек болған. Аталған жайттың видеосына назар салсақ, депутат қарулы күштер қызметкерлерінен қашып, шекарадан өтпек болған.

Алайда, ол жол ортада аяғы шалынып құлап, шекарашыларға ұсталып қалған.

Бұл жайт Польшада кеңінен қызу талқыға түсіп жатыр. Басқарушы партия өкілдері оны "парламентарийге лайық емес әрекетке барды" деп сынның астына алуда.

Ал оппозициялық партия өкілдері болса, керісінше жақтауда. Олар билікті мигранттарды Польшаға кіргізбей, материалдық көмек көрсетпей жатқаны үшін айыптап отыр.