Қызылордада қалалардың келешегі талқыланды: Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы 2025 аясындағы алғашқы тақырыптық сессия
Қызылорда қаласында халықаралық ауқымда ұйымдастырылған «Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы 2025 – Қызылорда» өз жұмысын бастады. Форум шеңберіндегі алғашқы тақырыптық сессия – «Жаңа қалалық күн тәртібі және Қазақстанның урбанистік көзқарасын қалыптастыру» атты пленарлық отырыс жоғары деңгейде өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл жиын – тек пікір алмасу алаңы ғана емес, Қазақстандағы урбанистика саласының даму бағытын нақты айқындайтын, заманауи идеялар мен шетелдік тәжірибелер тоғысқан кәсіби пікір алаңы болды.
Қала кім үшін салынады? Урбанистердің басты сұрағы
Сессия модераторы – UN-Habitat ұйымының аймақаралық кеңесшісі Катя Шефер. Ол өз сөзінде:
«Бүгінгі жаһандық урбанистік трендтер мен Қазақстандағы тұрақты қала дамуы арасында үйлесімділік бар. Бұл форум – тек қала сәулеті емес, адам тағдыры, әлеуметтік әділеттілік және табиғатпен үйлесім жайлы кең ауқымды диалог», – деп атап өтті.
Алғашқы баяндаманы жасаған – UN-Habitat атқарушы директорының міндетін атқарушы, жаһандық шешімдер бөлімінің директоры Рафаэль Тутс. Ол урбанизация үрдісінің маңызды бағыттарын қамтып, инклюзивтілік, климатқа бейімделу, табиғат пен қоғам тепе-теңдігі мәселелеріне тоқталды.
Қызылорданың урбанистік бет-бейнесі таныстырылды
Форум барысында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев сөз алып, өңірдегі қалалық даму стратегиясы мен инфрақұрылымдық жаңғырту бастамаларын таныстырды. Ол:
«Форумда айтылған озық тәжірибелер мен ұсыныстарды жергілікті деңгейде жүзеге асыруға толық дайынбыз. Басты мақсат – тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру», – деді.
Халықаралық сарапшылар пікір білдірді
Сухроб Ходжиматов, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің орынбасары:
«Қала – бұл тек ғимараттар мен жолдар емес. Ол – инклюзивтілік, әлеуметтік әділеттілік, тең мүмкіндіктер алаңы».
Гарии Доббс, Harry Dobbs Design студиясының негізін қалаушы:
«Қоғамдық кеңістіктер мен архитектура тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді. Қауіпсіздік пен жайлылық – басты өлшем».
Рикардо Марини, Urban Living және Marini Urbanismo компанияларының жетекшісі:
«Қалалар – тірі жүйе. Олар адамдар арасындағы әлеуметтік байланыс пен мәдениетке негізделуі керек».
Қалалар адам үшін: жаңа урбанистік бағыттар
Сессия соңында қатысушылар стратегиялық ұсыныстар мен ортақ ұстанымдарды бөлісті. Форум аясындағы бұл пікірталас Қазақстанның урбанистік көзқарасын жаңаша қалыптастыруға бағытталған маңызды кезең ретінде бағаланды.
Қала – тек салынатын нысан емес, адамның өмір сүру кеңістігі. Сондықтан инклюзивтілік, тұрақтылық, мәдени сәйкестік және табиғатпен үндестік – болашақ қалалардың басты өлшемі болуы тиіс.
Қортындылай келе, «Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы 2025 – Қызылорда» барысында айтылған ұсыныстар мен идеялар – еліміздің урбанистика саласына жаңа серпін беретін, қалаларды адамға ыңғайлы, табиғатпен үйлесімді және әлеуметтік тұрғыдан әділетті етуге бағытталған нақты қадам.
Форум аясындағы мазмұнды диалог Қызылордадан бастау алып, бүкіл Қазақстан қалаларына әсер ететін игі үрдіске айналары сөзсіз.