Инфрақұрылым – халық игілігіне: Шіркейлі ауылындағы күрделі жөндеу жұмыстары бақылауда

2 262

Фото: Сырдария ауданы әкімдігіҚызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылында инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, ауыл ішіндегі маңызды көшелердің бірі – Б.Жақыпов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жол жөндеу барысымен аудан әкімі Берік Сәрменбаев арнайы барып танысып, мердігер мекемеге нақты тапсырмалар берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту – халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі екенін атап өткен болатын. Осы бағытта облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сырдария ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауылдарда жол жөндеу, газдандыру, ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынды. Шіркейлі ауылындағы Б.Жақыпов көшесіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу – соның айғағы, – деді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы сапар барысында.

Аталған көше бойындағы жол жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 79 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта ұзындығы 1 шақырым болатын көшеге асфальт төселіп, жұмыстың негізгі бөлігі аяқталуға жақын. Жөндеу жұмыстарын «ОрдаЭнерго Строй» ЖШС жүзеге асыруда.

Аудан басшысы мердігер мекеме өкілімен кездесіп, жұмыстың сапасына ерекше назар аудару қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, өзінің тиісті сала бойынша орынбасарына және бөлім басшыларына жол құрылысының барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Берік Сәрменбаевтың айтуынша, кез келген инфрақұрылым жобасы – уақытша емес, ұзақ мерзімді қызмет етуі тиіс. Бұл үшін сапа – басты талап.

– Бөлінген әрбір қаржы – халықтың ақшасы. Сондықтан құрылыс пен жөндеу жұмыстары уақытылы әрі сапалы атқарылуы керек. Біз тек бүгінгі күнді емес, болашақты да ойлауымыз қажет, – деді аудан әкімі.

Жергілікті тұрғындар да бұл өзгерістерге ризашылықтарын білдіруде. Бұрын шұрық-тесік болған жолдың ретке келтірілуі – әсіресе, балалар мен қарттар үшін үлкен көмек.

Сырдария ауданында мұндай жұмыстар жалғаса бермек. Тек Шіркейлі ғана емес, басқа да ауылдарда инфрақұрылымды жақсарту бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бұл – өңір басшылығының ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға деген нақты қадамының көрінісі.