АБАЙ МҰРАСЫ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

2 412

Фото: Сырдария Ауданының ӘкімдігіСырдария ауданында қазақ әдебиетінің алып тұлғасы, ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай тағылымы мол іс-шара ұйымдастырылды. Аудандық «Руханият» орталығының ұйымдастыруымен өткен «Асыл сөздің зергері – Ұлы Абай» атты Абай оқулары байқауы – жастарды әдебиетке баулу, рухани мұрамызды дәріптеу бағытындағы маңызды қадам болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Байқауға қатысқан жастар Абайдың қара сөздерін, өлеңдері мен нақыл сөздерін мәнерлеп оқып, ақын мұрасына деген сүйіспеншіліктерін, көркемсөз оқу шеберліктерін көрсетті. Әдеби кеш барысында жас ұрпақтың сөз өнеріне, ұлттық құндылықтарға деген құрметі мен қызығушылығы ерекше байқалды. Бұл – ел руханиятының үзілмеген арқауы, Абай сынды дара тұлғалардың өнегелі жолының жалғастығы бар деген сөз.

«Абай оқулары» – жай ғана байқау емес, жас буынның рухани қалыптасуына ықпал ететін тәрбиелік маңызы зор шара. Ұлы ойшылдың «Қара сөздері» мен поэзиясы арқылы жастар адамгершілік, білім, еңбек, әділет, ізгілік сияқты қасиеттерді бойларына сіңіреді.

Әдеби байқаудан кейін шара «Абай жолы – дара жол» атты қойылым-концертімен жалғасты. Театрландырылған көріністер мен музыкалық нөмірлер кештің мазмұнын тереңдете түсті. Көркемөнерпаздар Абайдың өмірінен сыр шертіп, оның шығармаларынан үзінділерді көрерменге көркем түрде жеткізді. Ақынның бейнесі сомдалып, өлеңдері мен әндері шырқалды.

Бұл рухани кеш Сырдария жұртшылығы үшін Абай мұрасын тағы бір мәрте терең сезініп, ұлы ақынның адамзаттық құндылықтарға негізделген идеяларын қайта пайымдауға себеп болды.

Абай мұрасы – тек өткеннің еншісіндегі ескілік емес, бүгінгі және келер ұрпаққа арналған мәңгілік рухани бағдар. Оның шығармалары – ұлттың өзін тануы мен өсіп-өркендеуінің алтын діңгегі. Мұндай шаралар арқылы ұлы ойшылдың асыл мұрасын жастар жүрегіне сіңіру – баршамыздың ортақ парызымыз.