Аудан әкімі сырдария агроколледжінің жылу маусымына дайындық барысымен танысты

2 250

Фото: Сырдария Ауданының ӘкімдігіСырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев жұмыс сапары аясында Сырдария аграрлық-техникалық колледжінде болып, оқу ордасының алдағы 2025–2026 жылдардағы жылу маусымына дайындық барысын көзбен көріп, жауапты сала мамандарынан нақты ақпарат алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Аудан басшысы білім беру мекемелерінің қысқы кезеңге дайын болуы – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Колледж басшылығы мен техникалық қызмет көрсетуші ұйым өкілдері жылу жүйелерін жөндеу, қазандықтарды тексеру, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде есеп берді.

– Қысқы маусымда білім беру ошақтарында жылыту мәселесі үздіксіз әрі сенімді болуы тиіс. Бұл – оқу процесінің қалыпты өтуінің басты шарты. Сондықтан дайындық жұмыстарын қатаң бақылауда ұстап, барлық ақауларды алдын ала шешу қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сапар барысында аудан әкімі қазандық қондырғыларын жаңарту, энергия үнемдеу бағытындағы шараларды енгізу және қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, студенттердің білім алуына, тұрмыстық жағдайына қатысты бірқатар сұрақтар талқыланып, тиісті ұсыныстар айтылды.

Жауапты мамандар қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталғанын, мекеме отынмен толық қамтамасыз етілгенін, жылыту жүйелері сынақтан өткізілгенін жеткізді.

Аудан әкімінің оқу орындарының қысқы кезеңге дайындығын пысықтауы – өңірдегі инфрақұрылымдық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің нақты қадамы болып отыр. Алдағы уақытта басқа да мекемелердің дайындығы кезең-кезеңімен тексерілетін болады.