Жастар – ел ертеңі: жаңақорғанда халықаралық жастар күні атап өтілді
Бүгін Жаңақорған ауданында Халықаралық жастар күніне арналған ерекше форматтағы мерекелік кездесу өтті. «Руханият» орталығында ұйымдастырылған іс-шарада аудан әкімі Мажит Самитов өңірдің белсенді жастарымен еркін форматта кездесті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында аудан басшысы ел ертеңі саналатын жастарды кәсіби жетістіктері мен қоғамдық белсенділіктері үшін арнайы құттықтап, білім, мәдениет, спорт және жұмысшы мамандықтары бойынша ерекше көзге түскен жастарға Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыстады. Бұл марапаттар — жастардың еңбегіне берілген әділ баға әрі оларға көрсетілген үлкен сенімнің белгісі болды.
– «Жастар – мемлекетіміздің тірегі. Олардың ой-санасы жаңашыл, серпіні мол. Бізге заманауи, білімді, отаншыл буын қажет. Сіздерге барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Ендігі міндет – сол сенімді ақтап, ел дамуына үлес қосу», – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Салтанатты кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Жарқынбек Ғалымжан, Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ернұр Бихожаев, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Алиби Басаров арнайы қатысты. Қонақтар жастарға арнап ізгі тілектерін айтып, түрлі бағыттар бойынша мотивациялық кеңестер берді.
Кеш соңында өнер мен руханият саласындағы жас дарындардың бірі, «Qazaqstan дауысы. Балалар» мегажобасының финалисі Нұрислам Тлеухан көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өзінің әсем әнімен шараға ерекше сән берді. Оның орындауындағы ән жастардың жігерін оятып, болашаққа деген сенімін арттыра түсті.
Жаңақорған ауданының жастары білімде, еңбекте, шығармашылықта және белсенділікте алдыңғы қатарда екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.