Қала әкімі Нұржан Ахатов электрондық сауданы дамыту және жаңа оқу жылына дайындық мәселелерін талқылады

2 237

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіҚызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілістен кейін сауда саласындағы цифрлық трансформация, жаңа оқу жылына дайындық және өзге де өзекті мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Электрондық сауданы дамыту – уақыт талабы

Қала басшысы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі бекіткен «Электрондық сауда нарығын дамытудың 2027 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарына» тоқтала келе, қалалық деңгейде бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.

– Электрондық сауда бойынша талаптарды жетілдіріп, қала көлемінде арнайы оқу курстарын ұйымдастыруымыз қажет. Сонымен қатар кәсіпкерлерге мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын күшейтуіміз керек. Бұл салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер тауар сапасына ерекше назар аударып, тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін арттырғаны жөн, – деді қала әкімі.

Осы бағытта тиісті басқарма басшылары мен сала мамандарына нақты шаралар қабылдау тапсырылды.

Жаңа оқу жылына дайындық – басты назарда

Мәжілісте қала әкімі алдағы 2025-2026 оқу жылының басталуына байланысты білім беру ұйымдарының дайындығын да тілге тиек етті.

– Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Мектептердегі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары уақытында аяқталуы қажет. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп маңындағы жол белгілері мен жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру қажет, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Қала әкімі жауапты сала жетекшілеріне аталған мәселелер бойынша қысқа мерзім ішінде кемшіліктерді жойып, нақты нәтижеге қол жеткізуді міндеттеді.

Жауаптыларға тапсырма жүктелді

Жиын қорытындысында қала әкімі барлық сала басшыларына уақытпен санаспай, нақты нәтиже көрсету қажеттігін ескертті. Әсіресе, электрондық сауданың дамуы мен жаңа оқу жылына дайындық – қала өміріндегі басты бағыттардың бірі ретінде қаралуы тиіс екенін атап өтті.