Қызылорда облысында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда

2 241

Өңірлік коммуникациялар қызметіҚауіпті өндірістік нысандарда апаттардың алдын алу және адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өнеркәсіптік қауіпсіздік саласының басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысында жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының басшысы Әділжан Дабылов мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Басты мақсат – адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау

Әділжан Бөріұлының айтуынша, басқарма өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырумен қатар, қауіпті өндірістік объектілердің жобалануынан бастап, олардың жойылуына дейінгі барлық кезеңде қатаң бақылау жүргізіп келеді.

– Қауіпті нысандарда апат немесе жарақат алу жағдайлары орын алмас үшін әр кезеңде тиісті бақылау мен сараптамалық жұмыстар жүргізіледі. Әсіресе, нысандарды салу, кеңейту, реконструкциялау, жаңғырту, консервациялау және жою процестеріне арналған жобалау құжаттамаларына сараптама жасау – біздің жұмысымыздың негізгі бағытының бірі, – деді басқарма басшысы.

Заң талаптарын сақтау – жобалаудың басты шарты

Жаңа жобалар мен құрылыстарды қарау кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуы басты назарда. Басқарма мамандары жергілікті атқарушы органдармен және уәкілетті құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс атқарып, талаптарға сай келмейтін нысандар бойынша алдын алу және түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

– Соңғы жылдары қала әкімдігімен және басқа да мекемелермен бірлесіп жүргізілген жұмыстар нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін бірқатар нысандар ретке келтірілді. Бұл – профилактикалық шаралардың нақты жемісі, – деді Әділжан Дабылов.

Мемлекеттік қызметтер – электронды форматта

Қауіпті өндірістік объектілермен байланысты мемлекеттік қызмет түрлері де қазіргі таңда электрондық форматта көрсетілуде. Бұл кәсіпкерлер мен ұйымдардың уақытын үнемдеуге әрі процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда облыс көлеміндегі көптеген жобалар тиісті сараптамадан өтіп, қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке қол жеткізуде. Бұл өз кезегінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдегі өндірістік саладағы тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік – тек салалық құрылымдардың емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін сала. Сондықтан Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы қауіпті өндірістік объектілерде апаттың алдын алуға бағытталған жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыратынын мәлім етті.