Жүк тасымалдау және рұқсат беру тәртібі өзгереді
Көлік министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы мамырдағы бұйрығымен автомобиль көлігімен жүк тасымалдау қағидаларына толықтырулар енгізілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Mail.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда автокөлік тасымалдарына қатысты қағидаларға бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді техникалық тұрғыдан рұқсат етілген ең жоғары массасы 12 тоннадан асатын жүк көліктері автоматтандырылған өлшеу станцияларынан өткен кезде салмақтық және габариттік бақылаудан міндетті түрде өтуге тиіс. Қағидаларға сәйкес, автокөлік иелері ретінде көлік құралдарының меншік иелері, оларды сенімгерлік басқаруға немесе уақытша пайдалануға алған тұлғалар танылады. Ал халықаралық тасымалдарда сақтандыру шартын рәсімдеген тұлға жауапты болып есептеледі. Сондай-ақ халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсат беру тәртібі де жаңартылды. Ақпараттық жүйе сұрау салуларды тек соңғы айларда ереже бұзушылықтарға жол бермеген тасымалдаушылардан қабылдайды. Басқа тасымалдаушының шетелдік рұқсатын пайдалануға немесе оны өзге компанияға беруге тыйым салынады.
Енді шетелдік рұқсаттар электронды форматта да беріледі. Барлық көлік құралдары VIN-код арқылы ақпараттық жүйеде тіркеледі. Сонымен бірге шетелдік рұқсатпен рәсімделген көлік 50 күн ішінде ел аумағынан шығуы тиіс. Пайдаланылған рұқсат құжаттарын тасымалдаушылар Қазақстанға кіргеннен кейін 60 күн ішінде қайтаруға міндетті. Ал мемлекеттік органдар шетелдік көліктердің ел аумағынан өтуі туралы есепті ай сайын тапсырып отырады.
Бұйрық 2026 жылғы 10-шы маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.







