Қазақтың ұлттық бұйымдары Қытай сайттарында заңсыз саудада жүр
Қазақстандық дизайнерлер мен суретшілер өзінің туындыларын “Temu”, “AliExpress” сияқты онлайн платформалардан тапқан. Одан бөлек қытайлық сайттарда мемлекеттік рәміздеріміз басылған іш киім мен шұлықтар да толып тұр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Отандық суретші Айгерім Кәрібаеваның плагиат мәселесін көтеріп, онымен күресіп келе жатқанына бес жыл болған. Өзінің авторлық әр туындысын патенттеп, құқығын қорғап жүрсе де қытайлық сайттар еңбегімді еш етті деп қапаланып отыр. Суретшінің ұрланған туындылары бейнеленген заттар қытайдың маркетпелйістерінде көп. Бағасы арзан болғанымен сапасы төмен. Автор бұл оның атына нұқсан келтіреді дейді.
“Шын мәнінде мен құзырлы органдарға да, авторлық құқықтарды қорғаумен айналысатын заңгерлерге де жүгіндім. Өкінішке орай нәтиже жоқ. Маған ешкім көмек бере алмады. Түсінгенім плагиатпен күресуге тек автордың қауқары жетпейді”, – дейді суретші.
20 жылдан астам уақыттан бері сән саласында жүрген Аида Қауменова кәсіпке келгелі бері көшірмемен күресіп келе жатқанын айтады. О баста плагиатқа аса мән бермеген танымал дизайнер бүгін тек заң аясында жұмыс істеуге көшіпті.
“Біз заңгерлермен сөйлестік, бірнеше жағдай үлгі болды. Ол компанияларға заңгерлер хат жіберді, бәрі заң жүзінде. Көбі мұның дұрыс емес екенін түсініп, қойды. Өйткені бізде патент те, авторлық құқық та бар.
Қытайлық сайттарда мемлекеттік рәміздерді көрінген жерге басып шығарып, саудаланып жатыр. Қазақстандық рәміздер көрпе-жастық, іш киім, тіпті шұлық пен бетпердеге басылған. Ал бұл біздің заңға қайшы.
“Біздің мемлекеттік рәміздер біздің заңмен қорғалады және оларды пайдалану үшін арнайы Мәдениет министрлігінен арнайы рұқсат алу керек. Бұл маркетплейстер ондай рұқсат алмаған. Қазіргі таңда ол бойынша заңдарға өзгеріс енгізіп жатырмыз және бұл мәселе қаралып жатыр”, – дейді Әділет министрлігі зияткерлік меншік құқығы комитеті басқармасының басшысы Ілияс Кабдулин.
Министрлік өкілі өзге елде жасалған плагиат сол мемлекеттің заңымен қудаланатынын атап өтті. Яғни, авторлық туындысы қытайдың маркетплейстерінде ашық сатылып жатқан дизайнерлер шетелдегі заңгерлерге жүгіну керек.







