Қызылорда су астында қалуы мүмкін бе?
1 026
Жеті жүз мыңнан астам қазақстандық су басқан аймақта қалуы мүмкін,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстан облыстарының басым бөлігі су тасқыны қаупі жоғары аймақтарға кірді. Бұл туралы экология және геология министрі Зүлфия Сүлейменова мәлімдеді. Оның айтуынша, наурыз айында температураның күрт көтерілуі және қатты жаңбыр болған жағдайда еріген жаңбыр суынан тасқын пайда болуы мүмкін.
"Қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, топырақтың қату тереңдігін талдай отырып, су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталды. Маңғыстау облысы тәуекелі төмен аймаққа, Павлодар және Ұлытау облыстары орташа тәуекелді аймақтарға, ал еліміздің қалған өңірлері тәуекелі жоғары аймақтарға жатқызылды", - деді Сүлейменова үкімет отырысында.
Алдын ала болжамға сәйкес наурыз айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормаға жақын, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Абай, ШҚО, Жетісу облыстарында және Қарағанды облысының оңтүстік - шығысында 1 градусқа жоғары болады.
Наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормаға жақын, батыста, оңтүстік-батыстың жекелеген аудандарында және елдің солтүстігінде нормадан артық болжанып отыр. Осы орайда, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин биылғы су тасқыны ауқымды болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Осы жылдың наурыз айынан бастап гидрологиялық болжам апта сайын ұсынылады. Гидрометеорологиялық жағдайлар күрт өзгерген жағдайда Қазгидромет су тасқыны қаупі туралы дабылды ескертулерді алдын ала 2-3 тәулік бұрын Төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті атқарушы органдарға тиісті іс-шаралар ұйымдастыру үшін жолдайды. Биыл су тасқыны қардың көп болуына және топырақ қабатының қатты тоңазуына байланысты ауқымды болатын түрі бар. Су тасқыны жағдайы қолайсыз дамыса, су басу аймағында 255 елді мекен, бұл 127 мыңнан астам үй және 700 мыңнан астам азамат қалуы мүмкін", - деді министр.
Министрдің айтуынша, өңірлерде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық, қалалық және аудандық комиссиялардың 114, оның ішінде 31 жоспардан тыс отырысы өткізілген.
Полиция бөлімшелерімен бірлесіп елді мекендердің аумағын абаттандыру қағидаларын бұзу фактілерін анықтау бойынша рейдтік шаралар жүргізілуде. Бұл дренаждық және арық жүйелерін ұстау, қар шығару, адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту.
"Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей елді мекендерді су басу қаупінің алдын алуда қардың уақтылы шығарылуы маңызды. Бүгінгі таңда елді мекендерден 11 миллионнан астам текше метр қар шығарылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 миллионға артық", - деді Ильин.
Жергілікті бюджеттерден қар шығаруға бөлінген қаражатты талдау ақша негізінен ірі қалалар мен облыс орталықтарынан қар шығаруға бөлінетінін, ал көптеген ауылдық елді мекен тиісті назардан тыс қалатынын көрсеткен.