Нұрлыбек Нәлібаев жаңа жылу-электр орталықтарының жұмыстарымен танысты
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қорқыт ата атындағы скверді жаңғырту барысы мен Қызылорда қаласындағы жаңа жылу-электр орталығының (ЖЭО) құрылыс жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл – өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды жобалар.
Қорқыт ата сквері – жаңа келбетке ие болмақ
Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі – Қорқыт ата сквері кең көлемде абаттандырылып, толық жаңғыртылуда. Жобаны «Астана сервис Ltd» ЖШС іске асыруда. Компания нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Сквер аумағында:
- 157 орындық;
- 100 қоқыс жәшігі;
- 85 жарық бағанасы орнатылады;
- 9 500 шаршы метр жерге брусчатка төселеді.
Сонымен қатар, балалар ойын алаңы, субұрқақ, серуендеуге арналған саябақ салынуда. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Жаңа ЖЭО – өңірдің энергетикалық тәуелсіздігіне жол ашады
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылордада жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Жобаның жалпы құны – 215 миллиард теңге.
Жобаны Түркияның «Aksa Energy» компаниясы жүзеге асыруда. Құрылысқа 147 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды. Орталықтың негізгі қондырғылары шет елдерден жеткізілген.
Жоспар бойынша:
- 180 МВт қуаттылықтағы 2 газ турбиналық қондырғы;
- 95 МВт-тық 1 бу турбинасы;
- 2 бу, 4 жылу қазандығы орнатылады.
Жергілікті өндірушілердің материалдары да кеңінен қолданылып жатыр. Қазіргі таңда негізгі қондырғылар толық жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған.
Инфрақұрылым және жұмыс күші
ЖЭО-ға дейін 45 шақырым газ құбыры мен автоматтандырылған газ тарату станциясы бюджет қаражаты есебінен (15 млрд теңге) салынды. Құрылыс алаңында 1200-ден астам жұмысшы (көбі – жергілікті тұрғындар) және 130 арнайы техника жұмылдырылған.
IV тоқсанда іске қосылады
Станцияны алдағы IV тоқсанда іске қосу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде 1 газ турбинасы мен 2 жылу қазандығы іске қосылса, қалған қондырғылар келесі жылы толық пайдалануға беріледі.
Жаңа станцияның іске қосылуы Қызылорда облысының электр энергиясына деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік бермек. Бұл жоба өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті өндірістің дамуына, және инвестициялық тартымдылықтың артуына ықпал етпек.







