Құрылысы аяқталмай жатып мектеп шатыры опырылып түсті

1 643

Фото: azh.kzҚұлсары қаласының Атырау шағынауданында салынып жатқан мектеп шатырының бір бөлігі опырылып түсті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Басылым тілшісінің Білім басқармасының мәліметіне сүйеніп хабарлауынша, нысан  "Жайлы мектеп" жобасы аясында бой көтеріп жатыр және 1200 орынға есептелген.

"Құрылыс аяқталғанға дейін бағдарламаның жауапты әкімшісі – Атырау облысының құрылыс басқармасы", - деп нақтылады ведомство.

Қазіргі уақытта апат себептері мен зақым көлемі анықталып жатыр.

"Аталған нысанды Turan Ascent ЖШС ұлттық "Келешек мектептері" жобасы аясында салып жатыр. Мектепті 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Алдын ала деректер бойынша, шатырдың опырылуына құрылыс материалдарын сақтау және жинақтау талаптарының бұзылуы себеп болған. Атап айтқанда, спорт залдың төбесінің шектеулі бөлігіне 6 тоннадан асатын ауыр жабын материалдары қойылған, соның салдарынан құрылымдық элементтер ішінара зақымданған.

Жағдайды егжей-тегжейлі зерттеу үшін тапсырыс беруші тарапынан басшылықтың, техникалық және авторлық қадағалаудың қатысуымен комиссия құрылды. Сонымен қатар көтергіш конструкциялардың беріктігін және жобалық шешімдерге сәйкестігін тексеру үшін арнайы техникалық сараптама ұйымы тартылды.

Қорытынды шешім сараптама нәтижесі бойынша қабылданады. Барлық анықталған кемшілікті мердігер компания толықтай жоюға міндетті", - делінген мәлімдемеде.