Музей директоры Эстония президенті болып сайланды

443
Эстония ұлттық музейінің директоры Алар Карис ел президенті болып сайланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Estonian World басылымына сілтеме жасап.

Сайлаудың екінші кезеңі - жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша 63 жастағы Алар Каристің кандидатурасын дауыс берген 101 депутаттың 72-сі қолдаған.

30 тамызда өткен дауыс берудің бірінші кезеңінде Алар Карис кандидатурасын қолдап 63 адам дауыс берген, бірақ сайлану үшін бес дауыс жетпеген.

Бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, Алар Карис - білімі бойынша молекулярлық генетик және даму биологы - Эстония жаратылыстану ғылымдары университетінің ветеринария факультетін бітірген.

2003-2007 жылдары Эстония жаратылыстану ғылымдары университетінің ректоры, 2007-2012 жылдары Тарту университетінің ректоры болған.

2013 жылдан 2018 жылға дейін ол Эстонияның бас бақылаушысы - Мемлекеттік аудит басқармасының басшысы болды, оның функциялары салық төлеушілер қаражаттарының жұмсалуын бақылауды қамтыған.