20 млн теңге пара алғаны үшін экс-прокурор сотталды

1 601

Фото: kstnews.kzҚостанай облыстық соты Рудный қаласының бұрынғы прокуроры Мұрат Оспановқа қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Биыл қыркүйек айында Мұрат Оспанов Рудный қаласының прокуроры қызметін атқарып жүрген кезінде ірі көлемде пара алуға оқталды деген күдікпен ұсталған болатын. Тергеу деректері бойынша, ол қала әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысынан 39-шағынаудандағы абаттандыру жұмыстарына қатысты тексеруді тоқтату және қаржы жымқыру ісін қысқарту үшін ақша талап еткен.

Бұл туралы шенеуніктің өзі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыз жазып, хабарлаған.

Мұрат Оспанов параны Қостанай қаласындағы дүкендердің бірінің жанында, өз Toyota Land Cruiser автокөлігінде алып жатқан сәтінде қолға түсті.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, параны сұрауға бұрыннан таныс адам арқылы таныстырылған азамат себеп болған.

«Маған бұрыннан таныс адам хабарласып, Рудный әкімдігі құрылыс бөлімінің бастығымен таныстырды. Ол көмектесуді өтінді. Кейін ол адам тексеру мен қылмыстық істі тоқтатуға көмектесуімді сұрап, сыйақы ұсынды. Мен 20 миллион теңге сұрадым. Екі аптадан кейін ұсталдым», – деді Мұрат Оспанов сотта.

Оның кінәсін мойындауына байланысты іс сотта қысқартылған тәртіппен қаралды.

Мемлекеттік айыптаушы Еркебұлан Айтбаев сотта айыпты саралаудың заңды екенін атап өтті.

«Егер пара ретінде ұсынылған ақша жалған немесе ішінара қолдан жасалған купюралар болса, бұл әрекет пара алуға оқталу ретінде қаралады. Сондықтан Оспановтың әрекетін Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша саралау дұрыс деп есептеймін. Істі қайта саралауға негіз жоқ», – деді прокурор.

Сот шешімімен Мұрат Оспанов кінәлі деп танылып, оған келесі жаза тағайындалды:

"Мұрат Оспанов кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылсын. Орта қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтесін. Мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылсын.  "аға әділет кеңесшісі" шенінен айырылсын", – деді судья Нұрлан Бекішев.