Полиция қызметкері жалғызбасты анадан 100 мың тенге пара сұраған
Ақтөбе облысында 28 жастағы полиция қызметкері пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оқиға “Ақтөбе–Астрахань” тас жолында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері “Hyundai Accent” автокөлігін тоқтатып, әйел жүргізушіден мас күйде көлік жүргізді деп күдіктенген. 28 жастағы полицей медициналық сараптама жасамау үшін жүргізушіден 100 мың теңге пара алған. Кейін ақшаның бір бөлігі (45 мың теңге) оның үйінен табылған.
Одан “мәселені шешу үшін не қажет?” деп сұрағанда, полицей телефонына “100” деген санды теріп көрсетіп, қолма-қол ақшаны табуға бір сағат уақыт берген.
Тергеу барысында жүргізуші әйел пара талап еткені туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлаған. Ол банкоматтан ақша шешіп, купюраларды суретке түсіріп, дәлел ретінде жолдаған. Медициналық сараптама нәтижесі бойынша әйелдің мас болмағаны анықталды. Ол жүргізуші куәлігінен айырылып қаламын деп қорқып, ескерту жасаумен шектелуді сұраған. Әйел — жалғызбасты ана, тауар тасымалдап, күн көреді.
Сот полицейдің кінәсі дәлелденді деп танып, оны 7 жылға бас бостандығынан айыруға және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруға үкім шығарды. Сондай-ақ сотталған адам жәбірленушінің адвокаттық шығындарын өтеу үшін 1 миллион теңге төлеуге міндеттелді.







