“Хутор” тобының бірнеше мүшесіне 8 жылдан 22 жылға дейін сот үкімі шықты
Алматы облысының Талғар аудандық соты атышулы “Хутор” қылмыстық тобының басшысы деп танылған Хасан Қасымбаевқа үкім шығарды. Ол адам ұрлады, пара талап етті және денсаулыққа ауыр зиян келтірді деген айыптар бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қасымбаев жазасын орта қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемесінде өтейді.
Іс бойынша Қасымбаевтан бөлек тағы бес айыпталушы сотталды. Олардың әрқайсысы дәл сол баптар бойынша әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды:
Р.А. – 20 жыл,
С.А. – 8,5 жыл,
М.К. – 12 жыл,
Д.А. – 8 жыл,
Н.С. – 22 жыл.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев Қасымбаевты 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Сот отырысы барысында айыпталушы өзін агрессивті ұстап, отырған кабинаны сындырып, журналистердің сот залынан шығуын талап еткен. Қарсылықтан кейін сот тілшілерді қауіпсіздік мақсатында залдан шығарған.
Айта кетейік, Хасан Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында ұсталған. Ол талғарлық жасөспірім Шерзат Полаттың өлімінен кейін қолға түскен болатын. Осы іс бойынша сот процесі біраз уақыт бойы қоғам назарында болған еді.







