Жаңа жылға дейін азық-түлік бағасы қымбаттайды ма?
Үкімет алаңында өткен баспасөз мәслихатында вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Жаңа жылға дейін елде азық-түлік бағасының күрт өсуі болмайтынын мәлімдеді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, мереке қарсаңында белгілі бір деңгейдегі баға өзгерістері болғанымен, өсім күтілмейді.
"Мен жаңа жылға дейін қандай да бір дүрбелеңді баға өсімі болмайды деп ойлаймын. Бағалар стандартты түрде, белгілі бір мөлшерде ғана өседі, бірақ дүрбелең болмайды", – деді Жұманғарин.
Министр үкіметке бірқатар азық-түлік тауарлары бойынша баға түзілу тетігін зерттеуді тапсырған. Әсіресе қияр, қызанақ және тағы бірнеше өнімнің бағасы тұрақты түрде қымбаттап отыратынына назар аударған.
"Кейбір өнімдердің бағасы үнемі өсіп отырады. Бұл – таңғаларлық. Егер спекуляциялық факторлар анықталса, сол тауарлар бойынша қатаң реттеу шараларын қолданамыз", – деді ол.
Сонымен бірге, үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін кеңейту мәселесін де қарастырып жатыр. Қазір бұл тізімде 19 тауар бар. Жұманғариннің айтуынша, қымбаттау негізінен әлеуметтік маңызы жоқ өнімдерге тән болып отыр.







