Тышқанның көбеюінен мектеп пен балабақша уақытша жабылды

1 522
Фото: stan.kzАтырау облысының Алмалы ауылында тышқандардың шамадан тыс көбеюіне байланысты ауылдағы мектеп қашықтан оқыту форматына ауыстырылып, балабақша уақытша жабылды,- хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, тышқандар үйлерді қаптап, күн сайын көбейіп жатыр. Жергілікті тұрғын Малика Дабылова бір тәулікте жүзге жуық тышқан ұстайтынын жеткізді.

– “Міне, үйден шығарып жатқанымыз осы. Кейбірі тірі. Күніне он шақты қақпан ауыстырамыз. Бір қақпанға 10-12 тышқанға дейін түседі. Соңғы үш күнде тіпті көбейіп кетті”, – дейді ол.

Тұрғындар кеміргіштердің ас үйде жүгіріп, төсектерге секіретінін, мұндай жағдайды бұрын-соңды көрмегенін айтып, қауіптеніп отыр.

– “Бұл – сұмдық. Бұдан кейін ауру тарала ма деп қорқамыз. Тышқандар тамақтың үстімен жүреді, сондықтан түрлі дертке шалдығу қаупі бар”, – дейді ауыл тұрғыны Батиха Мұханова.

Жағдай ушыққан соң Алмалы ауылдық округінің әкімі Гүлшат Аухадиева дезинфекция жұмыстарын бастау үшін эпидемиологтарды шақырғанын жеткізді.

– “Бес күн болды. Бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр. Биыл және былтыр су тасқыны болды, соның салдарынан ауыл сыртында шөп қалың өсті. Махамбет, Сарайшық, Чкалов, Бейбарыс жақтан да келіп жатыр. Қазір олардың барлығы ауылға кіріп кеткен”, – дейді әкім.